Жылыту маусымы: шағым да, талап та көп
Еліміздің барлық өңірінде жылыту маусымы басталғанымен, жылу сапасына қатысты тұрғындардың шағымдары әлі де бар. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге жылумен қамтамасыз ету мәселесін бақылауды күшейтіп, халықтың өтініштеріне жедел жауап беруді тапсырды.
Үкімет отырысында Премьер-министр жаз айларында жылу көздері мен электр желілерін жөндеу, жабдықтарды жаңарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілгенін және жылу беру маусымы белгіленген кестеге сәйкес басталғанын атап өтті. Соған қарамастан, кейбір өңірлерде жылу сапасына қатысты мәселелер туындап отыр.
Осы ретте өңір әкімдеріне жылыту маусымына жауапты штабтардың жұмысын жандандыру, апаттық-қалпына келтіру бригадалары мен арнайы техниканың қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз ету міндеттелді. Сонымен қатар халыққа қолжетімді бағада көмір жеткізу мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Әсіресе ауруханалар, мектептер, балабақшалар мен өзге де әлеуметтік нысандарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге басымдық берілмек.
Бұдан бөлек, Премьер-министр Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Энергетика министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы білікті мамандар тапшылығын жою жөнінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.
Басты міндет – жылыту маусымын іркіліссіз өткізіп, әрбір тұрғынның үйінде жылудың тұрақты болуын қамтамасыз ету.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

