Жеңіс жолындағы жігер мен табандылық
Қарағанды облысының спортшылары Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына қомақты үлес қосты. Азиадада өңір спортшылары 12 медаль жеңіп алса, пара ойындарында тағы сегіз жүлдеге қол жеткізді. Бұл – жерлестеріміздің табандылығы мен тынымсыз еңбегінің, кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халықаралық жарыстарда топ жарған отандық спортшылардың жетістігін жоғары бағалады. 9 қарашада Азия ойындары мен Азия пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде Президент әрбір жеңістің ел үшін маңызын атап өтті.
«Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы спортшылардың жетістігі жас ұрпақты биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіретінін айтты.
Азиадада Қарағанды облысының намысын қорғаған спортшылар 12 медаль иеленді. Оның төртеуі – күміс, сегізі – қола. Өңір қоржынына алғашқы жүлдені ММА шебері Санжар Әділов салды. Ол Азиадада осы спорт түрінен Қазақстанға алғашқы жүлделердің бірін әкелген спортшылар қатарынан көрінді.
Семсерлесуші Артём Саркисян екі қола медаль жеңіп алды. Күміс жүлдеге 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден сынға түскен жеңіл атлет Аделина Земс, биіктікке секіруші Кристина Овчинникова, палуан Эльмира Сыздықова және дзюдошы Аида Тойшыбекова қол жеткізді.
Ал қола медальдарды жеңіл атлет Алина Чистякова, теміртаулық ескекші Дмитрий Холмогоров, батутта секіруден өнер көрсеткен Ерлан Тасмағамбетов, сондай-ақ көркем жүзуден Наргиза Болатова мен Ясмин Тұяқова дуэті еншіледі.
Пара Азия ойындарында да қарағандылық спортшылар табысты өнер көрсетті. Олар өңір қоржынына сегіз медаль салды. Паражүзуші Диас Кенжебек алтын медаль жеңіп алып қана қоймай, Азия рекордын жаңартты. Наталья Звягинцева эстафеталық жарыста екі күміс жүлдеге ие болды. Роман Потапов 100 метрге шалқалап жүзуден қола медаль еншіледі. Жеңіл атлет Дәстан Мұқашбеков те күміс жүлдегер атанды.
Марапаттау рәсімінде Президент халықаралық жарыстарда алтын медаль жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсеткен 19 спортшыға мемлекеттік наградалар табыстады. Чемпиондар «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қарағандылық спортшылардың бұл жетістігі – өңір спортының әлеуетін танытып қана қоймай, жас буынға үлгі боларлық үлкен жеңіс. Әрбір медальдің артында қажырлы еңбек, табандылық пен жеңіске деген сенім тұрғаны сөзсіз.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

