Өндіріс өрісі кеңейіп, инвестиция көлемі артты
Қарағанды облысы өнеркәсіпті дамыту көрсеткіші бойынша республикада екінші орынға көтерілді. Биылғы он айдың қорытындысында өңір кәсіпорындары 4 триллион теңгеден астам өнім өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 5 пайызға жоғары. Бүгінде металлургия, машина жасау, химия және фармацевтика салалары аймақ экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
Облыста мыңға жуық кәсіпорын өндірістік қызметпен айналысады. Өнеркәсіп құрылымында өңдеу саласының үлесі артып келеді. Бұл – Мемлекет басшысы алға қойған экономиканы әртараптандыру және шикізатқа тәуелділікті азайту міндеттерімен үндес бағыт. Өңдеу өнеркәсібінің елеулі бөлігін «Қармет» кәсіпорны қамтамасыз етеді.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімовтің айтуынша, өңірде өндірістің бірнеше бағыты қатар дамып келеді. Мұнда жеңіл және жүк көліктері, тұрмыстық техника, шиналар, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия мен құрылыс материалдары шығарылады. Сонымен қатар сирек кездесетін металдарды қоса алғанда, жаңа кен орындарын игеру жұмыстары жүргізілуде.
Өнеркәсіптің келесі даму кезеңі – геологиялық барлау нәтижелерін нақты өндірістік жобаларға айналдыру. Яғни кен қорын анықтаумен шектелмей, оны өнеркәсіптік игеру, өңдеу қуаттарын құру және дайын өнім шығару маңызды.
– Геологиялық барлау жұмыстары толыққанды өндіруші және өңдеуші өндірістерді құрудың бастапқы нүктесіне айналуы біз үшін өте маңызды. Сондықтан жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс тек зерттеу жүргізу мен қорларды растауға ғана емес, жобаларды жүзеге асырудың келесі кезеңдерін жүйелі дайындауға бағытталған. Бұл – кен орындарын өнеркәсіптік игеру, өңдеу қуаттарын салу және дайын өнім шығару. Бүгінде облыста минералдық-шикізат әлеуетін іс жүзінде игеруге көшуге мүмкіндік беретін жобалар жүзеге асырылып жатыр, – дейді Әлібек Молдакәрімов.
Өнеркәсіптің тұрақты дамуы инвестиция көлемімен де тығыз байланысты. Облыстық басқарма мәліметінше, өңірде жалпы құны 7 триллион теңгеге жуық 189 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың нәтижесінде 36 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биылғы тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 809 миллиард теңгені құрады. Ал жыл соңына дейін 1,5 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жергілікті билік жолдар мен инженерлік желілерді тарту мәселелерін шешуге атсалысады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша жер бөлу, инфрақұрылым, техникалық және рұқсат беру рәсімдері жөнінде қолдау көрсетіледі. Арнайы экономикалық аймақтарда кәсіпкерлерге салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.
Инвестициялық жобалардың нәтижесінде өңірде жаңа өнім түрлері өндіріле бастады. Олардың қатарында жеңіл және жүк көліктері, заманауи жылу оқшаулағыш материалдар, катодты мыс, ірі габаритті стандартты емес бұйымдар мен кірпіш бар. Бұдан бөлек, клинкерлік плитка, алдын ала оқшауланған құбырлар және қызыл кірпіш шығаратын зауыттардың құрылысы жүргізілуде.
Өңір экономикасында шағын және орта бизнестің де үлесі артып келеді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл сектор бюджетке 420 миллиард теңге көлемінде салық түсірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайызға көп.
Қарағанды облысының өнеркәсіптегі екінші орынға көтерілуі – өндіріс көлемінің өсуімен ғана өлшенбейтін нәтиже. Жаңа жобалардың іске қосылуы, инвестиция тарту, өңдеу саласының кеңеюі және шағын бизнестің дамуы өңір экономикасының әлеуетін арттыра түсуде. Ендігі міндет – басталған жобаларды уақытында аяқтап, өндірілген өнімнің көлемімен қатар оның қосылған құнын да ұлғайту.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

