Әлихан Бөкейхан кубогы үшін ата-аналар арасында волейбол турнирі өтті

Қарағанды қаласында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойына орай ата-аналар арасында дәстүрлі қалалық «Әлихан Бөкейхан кубогы» мектеп лигасының алғашқы маусымы салтанатты түрде ашылды. Волейболдан өткен жарыс ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат етті.

Спорттық шара Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылды. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын енгізу және Әнұранды орындаумен басталды.

– Бұл – жай ғана спорттық жарыс емес, достық пен бірліктің мерекесі. Ата-аналарымыз спорт алаңында белсенділік таныту арқылы балаларына үлгі көрсетіп, салауатты өмір салтының маңызын дәлелдейді, – деді мектеп директоры Салтанат Тұрсынова.

«Спорт – бірлік – тәрбие – ұрпақ – мемлекеттілік!» ұранымен өткен турнирдің бас ұйымдастырушысы – мектептің Әкелер кеңесі. Жарысқа Қарағанды қаласынан бөлек, Шахтинск, Абай қалалары мен Доскей, Көкпекті ауылдарынан келген ата-аналар командалары қатысты. Іс-шара аясында «Жас Айбын» кадет сыныптарының оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, патриоттық әндер орындады. Қатысушылар мектеп музейін аралап, тарихи құндылықтармен де танысты. Қарағанды облыстық Әкелер кеңесінің төрағасы Жақыпбек Ануарбековтің айтуынша, турнирдің басты мақсаты – қоғамдағы әкенің беделін арттырып, ұлттық тәрбие мен ортақ құндылықтарды дәріптеу. Лига 2026–2027 оқу жылына жоспарланған. Ай сайын сегіз команда өзара бақ сынайды. Әр команда құрамында 10 ойыншыдан болады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік үш командаға алтын, күміс және қола медальдар табысталады. Сонымен қатар жеңімпаздарға арнайы ауыспалы кубок беріледі.

– Лигаға қатысатын командалар ай сайын кездесіп, өзара тәжірибе алмасады. Жеңімпаздарға ата-аналармен бірлесе арнайы ауыспалы кубок дайындадық, – деді мектептің Әкелер кеңесінің мүшесі Әділет Жағыпар.

Турнир қорытындысында Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің командасы бірінші орынды иеленді. Жарысқа қатысқан барлық командаларға алғыс хаттар табысталып, спортшылар бес номинация бойынша марапатталды. Олардың қатарында «Үздік шабуылшы» номинациясы да бар. Осылайша, Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған спорттық дода ата-аналардың басын қосып қана қоймай, отбасы, мектеп және қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған игі бастамаға айналды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»