Құтыру ауруының ошағы анықталды

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты шаруа қожалықтардың бірінде құтыру ауруының ошағы анықталып, 4 ірі қараның өлгені мәлім болды.

Салдарынан Мартбек Мамыраев ауылдық округінде шектеу шаралары енгізілетін болады. Жалпы, ауылда 600-ге жуық мал басы бар. Ветеринарлар індет жабайы аңның үй түлігін тістеуі салдарынан тарауы ықтимал екенін айтып отыр. Қазір вирустың ошағын жою мақсатында республикалық қордан қаржы бөлініп, арнайы препараттар жеткізіліп жатыр. Атап өтсек, құтырған малдың сілекейі ашық жараға тисе немесе құтырған ит тістесе, адамға да жұғуы мүмкін. Бүгінгі күні қауіпті вирус салдарынан өлген мал толық өртелген, қожайындарына сараптамалардан кейін нарықтық бағаға сай өтемақы төленетін болады. Оның көлемі жас шамасына қарай 120–300 мың теңге шамасында. «Ветеринариялық препараттармен лажсыз және қорытынды дезинфекция жүргізіледі, сонымен қатар шаруа қожалығындағы барлық түлік вакциналанады. Аталған малды шығару бойынша шектеу қойылды, бүгінгі күні әкімнің ұсынысына сәйкес тиісті сауықтыру шаралары жүргізіледі», — дейді Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы жетекшісінің міндетін атқарушы Данияр Мерғазин.

Негізі, құтыру ауруы өте ертеден белгілі. Ауырған үй жануарларын бақылау кезінде белгілі болғандай, сілекейден бөлінген вирус адам ағзасына жарақат арқылы тез енеді. Сол себепті ауру жануар адам үшін, әсіресе балалар үшін өте қауіпті. Құтыру індеті, негізінен, қыс және көктем мезгілінде өршиді. Құтырған үй жануарларында ортақ белгілер бар, олар: мазасыздану, елеурейді, басын оңды-солды қозғап, тісін қайрайды, езулерін, танауын жалай береді, түлік түріне қарай өкіреді, ыңырсиды. Барлық жағдайда да мал үйірден қалып, жұтына алмай, күйісін тоқтатып, шатқаяқтап, жүрісі бұзылады. Артқы аяқтары жүруден қалады. Кейбіреуінің жағы түсіп, басын жерге соғып астыңғы жағын сындырады. Жалпы, ауру 3–11 күнге созылады, көбіне 3–4 күннен аспай мал өліп қалады. Құтырумен ауырған малды емдеуге немесе аурудың соңын күтіп отыруға болмайды. Олай ету адамға да, малға да қауіпті. Сондықтан ауылдағы ветеринариялық инспектордың, дәрігерлердің араласуымен бөлектеп, өлген малдың миын сараптауға жолдап, өлексесін өртеп, қалдығын терең көму керек. Тұрған жерін залалсыздандырады. Мұндай ауру ошағы күн сайын селолық ветеринариялық инспектордың бақылауында болады. Құтырған малға ұқсағандарын бөлектеп, сау малдар жоспардан тыс егіледі. Міне, осы күннен бастап 60 күн ішінде ауру шыққан ошақтан ауру байқалмаса, мал иесіне малын союға, сатуға рұқсат етіледі.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»