Қазақтың Чеховы

Қарағанды медицина университетінде ғалым дәрігер Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиақпаровтың қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған «Шәкәрім» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Кітапта Шәкәрім әлемі сурет жанрында бейнеленіп, сөз өнерінде үйлесім тапқан.

Кітап авторы Мақаш Тыныштыкбайұлы Әлиақпаров – медицина ғылымдарының докторы, 1989-2001 жылдар аралығында Қарағанды медицина университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, абайтанушы, шәкәрімтанушы, Астана қаласындағы «Отан қорғаушылары», Теміртаудағы «Металлургтер», Қарағандыдағы «Тәуелсіздік» және «Абай» монументтері авторларының бірі.

Мақаш Әлиақпаров Абай мен Шәкәрімнің өмірі мен дүниетанымын зерттеу мақсатында Семей өңіріне «Шәкәрім жүрген ізбенен» атты экспедициямен төрт рет табан тіреген. Экспедиция жұмысын өз қаржысына жүргізген. 2023 жылы жүзеге асқан экспедиция – Шәкәрім кітабының жарық көруіне бірден-бір септігін тигізген нәтиже.

Аңыз адамның шығармашылық кешін тамашалауға Қарағанды қаласындағы барлық жоғары оқу орны мен облыстық, қалалық кітапхана өкілдері, Қарағанды облысы Суретшілер одағының басқарма төрағасы, Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Ресурстық тіл орталығы өкілдері, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы гимназия директоры мен оқушылары, медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты.

Кеш барысында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын сөз сөйлеп, Мақаш Тыныштықбайұлына облыс әкімінің құрмет грамотасын табыс етті.

Басты кейіпкердің кештің құрметті қонағы ретінде шақырылған бірге оқыған замандастары, университетте қызметтес болған әріптестері әдемі естеліктерін бөлісті.

– Бүгін біз Мақаш Әлиақпаровтың жаңа кітабын ұсынамыз. Ол – үлкен көлемдегі жазушы әрі суретші. Оның негізгі тақырыбы – Семей, Шәкәрім және Абай. Ол бейнелеу және прозалық шығармашылығын осы екі ойшылға арнады. Жаңа кітап Шәкәрімнің шығармашылығы туралы, онда көптеген иллюстрация келтірілген. Мақаш Әлиақпаров – шығармашылық тұлға ғана емес, сонымен қатар үлкен ғалым. Ол медицинада көптеген жақсы маман тәрбиеледі, – деп атап өтті Қарағанды медицина университетінің профессоры Вилен Молотов-Лучанский.

1975 жылдан бастап осы уақытқа дейін Мақаш Әлиақпаров 200-ден астам сурет салған, оның 60-тан астамы тек Шәкәрімге арналған. Бұл суреттер Мақаш Тыныштықбайұлының Абай мен Шәкәрім әлемін айшықтайтын персонаждық сипаттағы жеке-дара сурет галереясында бой көтерген.

– Мақаш Әлиақпаров – Шәкәрім бейнесіне алғаш қалам тартқандардың бірі ғана емес, ұлы ойшылдың жан дүниесі мен пәлсапасын суреткерлік сезіммен жеткізе алған бірегей дарын иесі. Ол – Шәкәрімнің ұлы Ахат ақынмен үздіксіз рухани байланыста болған жан. Құнанбай әулетінен тараған қос ұлы тұлға жайлы бейнелеуді өтінген Ахат ақсақалды онымен табыстырған тағдыр суретші шығармашылығына жаңа дем берген, асқақ арнаға бұрған тарихи байланыс еді. Мақаш Тыныштықбайұлы – ғалым дәрігер, дарынды суретші, өз елінің патриоты, әдебиет әлемін зерттеуші. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі – өскелең ұрпаққа үлгі болатын аңыз адам, қазақтың Чеховы! – дейді шараны ұйымдастырушылар, университтеттің Тілдерді дамыту орталығындағылар.

Мақаш Әлиақпаров бала кезден бері хоббиі болған суретшілікті жылдар бойы негізгі мамандығымен қоса дамытып, 1994 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі болды.

Кітаптың тұсаукесерінде кеш қонағы, Қарағанды облысы Суретшілер одағының басқарма төрағасы Айдархан Қалмаханов Мақаш Тыныштықбайұлын «ҚР Суретшілер одағына 90 жыл» орденімен марапаттады.

– Суретші ретінде мен бұл адамды 90 жылдардан бері білемін. Оның танымал жұмыс стилі бар: кескіндемесі классикалық емес, француз импрессионизміне көбірек ұқсайды, бірақ сонымен бірге ұлттық екпіні де ерекше. Суретші осындай байсалды жаста күшті жұмысын жалғастыруда. Ол үнемі жаңа нәрсені тіпті ескіден де іздеу керек екенін көрсетеді, – дейді Айдархан Қалмаханов.

Шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Онда Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің әншісі Сержан Мұсайын, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің 2-курс студенті Абай Шойманов, Қарағанды қаласының ЮНЕСКО музыкалық мектебі оқушысы Зере Қалкен және ҚМУ-дың 2-курс студенті Ерболат Орынбасар әнмен көмкерсе, университеттің «Қаракөз» халықтық шығыс билері ансамблі бимен әсемдеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»