РОБОТ КӨМЕКТЕСКЕН КҮРДЕЛІ ОПЕРАЦИЯ

Қарағандылық нейрохирургтер тұңғыш рет робот-хирургтің көмегімен миға күрделі операция жасады. Эпилепсияның қиын түріне шалдыққан науқасқа көрсетілген ем-шара сәтті өтті. Әмбебап машина көмегімен ми ісігін биопсиялау, мидың терең стимуляторын импланттау сынды операцияларды тез әрі сапалы жасауға болады. Робот-хирургті тәжірибелік сынақтан өткізу үшін Қытай дәрігерлері көмек көрсетті. Келешекте еліміздің клиникаларына осындай заманауи қондырғылар алынады.

– Ми ісігінің биопсиясы сәтті жүргізілді. Науқастың жағдайы жақсы. Операция 40 минутқа созылды. Мұндай отаның бірқатар артықшылығы бар. Атап айтқанда: қауіпсіздік, дәлдік және бірнеше бақылау. Робот бізге өте жақсы көмектеседі. Ешқандай асқынуды көрген жоқпыз. Келешегіміз осындай машиналарда болады деп ойлаймын, – дейді Нейрохирургия және неврология орталығының жетекшісі Ғабит Махамбаев.

Ал шетелдік мамандар шеберлік сабақтарын өткізу үшін Қытайда өндірілген жабдықты ала келген. Осылайша профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы Қарағанды көпсалалы ауруханасында жаңа медициналық жабдықтар сыналды. Роботталған техника соңғы бірнеше жылда әлемде белсенді қолданыла бастады. Солардың сапында Еуропа, Америка елдері бар. Әлемде ең бірінші болып роботтандырылған құрылғының көмегімен ота жасауды бастаған – америкалық белгілі хирург Давид Самади. Америкалық хирург 7 мыңнан астам отаны сәтті өткерген. 5 жылдан астам уақыт ішінде мұндай жабдық Қытай Халық Республикасында шығарыла бастады. Бастысы – ерекше роботты сынақтан өткізуге толықтай мүмкіндік бар екенін айтады қарағандылық ақ желең иелері.

Роботты навигациялық станция ретінде де қолдануға болады. Трансназалды хирургия үшін, мидың айналмалы жүйелерін, дренаждарды имплантациялау үшін пайдалануға болатынын айтып отыр медицина саласының мамандары. Дегенмен робот-хирург дәрігерді алмастыра алмайды. Тек дәрігерге нақты әрі тиімді әрекет етуге көмектеседі. Әйтсе де озық тәжірибелерге сүйенген отандық медицина оңтайлы істерімен оң нәтижелерге қол жеткізуде. Халықаралық тәжірибелер негізінде ауруды ерте диагностикалау және медициналық технологияларды дамыту ісінде оң динамика байқалатынын айтады сарапшылар.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»