Плоггинг: спорт және тазалық
Қарағандыда плоггинг өтіп, оған қатысушылар 150 қап қоқыс жинады. Шараға 100-ден астам адам қатысып, олар Федоров суқоймасының аумағын тазартты. Жастар жүгіруге қатыса отырып тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Бізде плоггинг деп аталатын тамаша іс-шара өтті. Бір жағынан, спортпен шұғылдандық, ал, екінші жағынан, қаламызға пайдамыз тиді. Бұл – өте керемет шара! Тұрғындардан көшелерді таза ұстап, қоқыс тастамауға жауапкершілікпен қарау арқылы табиғатқа ұқыптылық танытуын сұраймын. Өйткені қаламыздың таза болуы әрбіреуімізге байланысты, – деп есептейді Экологиялық еріктілер қозғалысының жетекшісі Рахат Райымбеков.
Экоакция «Таза Қазақстан» аясында қала әкімдігінің қолдауымен өтті. Оған Қарағанды Жастар ресурстық орталығының еріктілері, Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ академиясының қызметкерлері мен курсанттары қатысты.
Мұндай экоакциялар алдағы уақытта әлі де жалғасады.
Сондай-ақ 20 сәуірде жастар, еріктілер мен қоғам қайраткерлері ойшыл Абай Құнанбайұлы ескерткішінің аумағын, ал ҚарУ студенттері Е.А.Бөкетов ескерткішінің аумағын тазалады.
Қарағанды техникалық университетінің оқытушылары мен студенттері академик Әбілқас Сағыновқа, Қазыбек биге, Қаныш Сәтбаевқа орнатылған ескерткіштерді ретке келтірді.
Депутаттар мен қалалық мәслихат аппаратының өкілдері Жеңіс саябағында және Республика даңғылында тазалық шараларына қатысты.
Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының қызметкерлері белгілі кенші Түсіп Күзембаевтың ескерткіші аумағын тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда.
Әр апта белгілі бір тақырыпқа арналған.
Өткен апта «Киелі мекен» деп аталып, киелі орындар тазартылып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтары абаттандырылды. «Жасыл аймақ» деп аталатын келесі апта ағаш егуге, аумақтарды көгалдандыруға арналады.
Құралай КӨБЕНОВА,«QH»