Мотоәуесқойлар
Әлемде әрбір 860 байкердің біреуі көз жұмады деген дерек бар. Мотоцикл жүргізушілері автокөлік рөліндегілерге қарағанда апаттан 29 есе көп қаза табады екен. Бірақ осындай қауіптің барын біле тұра, оларды өз бастарын тәуекелге тігуге не итермелейді? Былғары күрте мен қара каска кигендер жүрекжұтқан жауынгер ме? Әлде өмірін жылдамдықпен ғана өлшейтін жандар ма? Бұл көлікке отырудың өзі аса өжеттік пен сенімділікті талап етеді. Қос дөңгелекті көліктің сан алуан түрі, түсі, көлемі бар. Тарихқа үңілсек, нағыз байкер бірінші кезекте темір тұлпардың алыс жолға шыдамдылығына аса мән береді екен.
– Қазіргі таңда, өкінішке қарай, мотокөлік – қауіптілігі жоғары автокөліктердің бірі. Осыған басты себеп – кей байкер түнгілікте ереже сақтамайды. Жол қозғалысына бейқам қарайтындар болады. Өткен жылы Қарағанды қаласының аумағында 18 жол оқиғасы тіркеліп, салдарынан 17 адам түрлі жарақат алса, екі адам қаза тапты. Мұндай жағдайлар мотокөлік иелерінің тарапынан қарапайым жол ережесін сақтамаудан орын алған. Қала аумағында орын алған жол-көлік оқиғаларын сараптай келгенде анықталғаны – бұл оқиғалардың орын алуына жылдамдық әсер еткен, – дейді Қарағанды қ. ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары Әділ Елесбаев.
Мұндай оқиғалардың орын алуына бірінші себеп – мотокөлік иелерінің жылдамдықты сақтамауы, маневр ережелеріне бейқам қарауы, сондай-ақ қорғаныс құралдарын қолданбауы. Мотокөліктің техникалық ерекшелігіне байланысты оны түнде байқау қиын. Сондықтан мотокөлік иелері міндетті түрде жол ережесі мен тәртібін сақтауы тиіс. Осындай екі дөңгелекті көлік иесі тіпті айналасына да зиян тигізіп жатады.
– Қара түс, жылдамдық, еркіндік, адреналин, түнгі уақыт бізге қатты ұнайды. Мотокөлік тек ерлерге ғана емес, қыздарға да жарасымды. Себебі біздің мотоклуб мүшелері қатарында қыздар да бар. Ауылда әкемнің мотоциклін ұрлап теуіп қызық көріп жүрдім. Қазір политехникалық университеттің студентімін. Қалада мотоцикл тізгіндегеніме 2 жыл болды. Сабақтан шығып, жұмысқа барамын. Кейде қатты шаршағанда, бір нәрседен көңіл қалғанда бірінші іздейтінім – осы сұңқарым. Біздің демалысымыз, бірге саяхат құруымыз көңілімді көтереді. Түнгілікте біз көбіне Назарбаев даңғылында бас қосамыз, – деп бөлісті қала тұрғыны Әділет Нығмет.
Мотокөлік танымал әрі жылдам көлік түрі болғанымен, арнайы сақтықпен отыру керек. Екі дөңгелекті көлік жүргізушісі жол ережесі мен тәртіпті міндетті түрде сақтауы тиіс. Әйтпесе ауыр жарақат алып, тіпті соңы қайғылы жағдаймен бітуі ғажап емес. Жолда жүрген жолаушы, әрдайым каска киіп сақтанып жүріңіз.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»