Ту тұғырында шырқалған бірлік үні
Қарағанды қаласының басты алаңында, Ту тұғырында Республика күніне арналған мерекелік шара өтті. Бұл ерекше күні қала тұрғындары Мемлекеттік әнұранды бірге шырқап, патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетті. Мерекелік шараның алғашқы сәттері Қазақстан Республикасы Әнұранының әуелеген әуенінен басталып, қала тұрғындарының жүрегін тебірентіп, патриоттық рухты асқақтатты.
Республика күнін мерекелеу шарасы әскерилердің салтанатты шеруімен басталды. Жиынға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, салтанатты сөз сөйледі. Ол өзінің құттықтау сөзінде Республика күнінің еліміз үшін маңыздылығын ерекше атап өтіп, бұл мерекенің әрбір қазақстандық үшін қымбат екенін айтты.
«Еліміздің тұрақты дамуы мен халықтың бірлігі – басты құндылықтарымыз. Ортақ мақсат пен бір мүддеге атсалысу арқылы ғана біз болашағымызды жарқын ете аламыз», – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Тұрақтылық пен бірлік – басты құндылықтар. Жиналған жұртшылық әнұранды бірге шырқап, бұл өз кезегінде елге деген махаббат пен құрметтің, патриоттық сезімнің айрықша көрінісіне айналды. Мерекелік жиында сонымен қатар патриоттық әндер орындалып, қала тұрғындары бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Марат Түсіпов те бұл шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданып, ел тәуелсіздігінің алғашқы қадамы жасалғанын еске салып, бұл тарихи күннің маңыздылығын атап өтті. «Елестетіп қарасаңыздар, бүгінгі жиын сол алғашқы қадамдардың нәтижесінде еліміздің қандай дәрежеге жеткенінің айқын дәлелі», – деді ол.
Ұлттық рухты асқақтатқан мереке, Республика күні Қарағанды қаласының тұрғындары үшін ерекше мереке болды. Бұл күн қаланың әрбір тұрғынының жүрегінде патриоттық рухты оятып, бірлік пен ынтымақты нығайта түсті. Жергілікті билік өкілдері де мерекелік шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысып, мерекелік шараларға қатысушылардың барлығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қарағандылықтар бұл күнді өздерінің ұлттық мақтанышы ретінде қабылдап, мемлекеттік мерекені мерекелік көңіл-күйде атап өтті. Республика күні – бұл ел үшін маңызды мереке ғана емес, сонымен қатар әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі ұлттық мақтанышы. Осы күні әрбір азамат туған еліне деген сүйіспеншілігін, мақтаныш сезімін қайта жаңғыртып, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік алады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»