Тең мүмкіндік
Қарағанды облысында мүгедектігі бар азаматтарды ресми жұмысқа орналасуға шақыру бастамасы қарқын алуда. Бұл бастама кездейсоқ табысқа сенім артпай, тұрақты жұмыспен қамтылуды мақсат етеді. Биыл өңірде тағы 13 арнайы жұмыс орны ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта осындай жұмыс орындарына орналасқан азаматтардың еңбек жағдайы журналистерге пресс-тур барысында таныстырылды.
Лидия Гонкина – III топтағы мүгедек, оның есту қабілетінің нашарлығы тұрақты жұмыс табуға кедергі болған. Осыған дейін 53 жасында кездейсоқ табыстармен күнелткен Лидия өткен жылы «Еңбек мобильділігі орталығына» жүгініп, арнайы киім тігу цехына жұмысқа орналасты. «Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы аясында оның жұмыс орны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, ал шығындарды мемлекет өтеді.
– Біз бірнеше арнайы жұмыс орнын игеріп жатырмыз және жұмыс орнын жабдықтау біз үшін маңызды. Мұнда ақылды сағаттар, хабарлама датчиктері, сыртқы және ішкі хабарлау жүйелері қарастырылған, – дейді тігін кәсіпорнының өкілі Владимир Ким.
Жұмысқа қажетті жабдықты анықтауға мансап орталығының мамандары көмектесті, кейін мемлекет жұмыс берушінің шығындарын өтеп берді. Бүгінде кәсіпорында жауапты әрі сенімді қызметкер жұмыс атқаруда.
– Құрметті мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қандай қиындықтарыңыз болса да, жұмыс іздеуден қорықпаңыздар. Бұрын біз тек хат арқылы сөйлесетінбіз, ал қазір ым-ишара тілін үйрендім. Үйде отырмаңыздар, жұмыс бар! Мен оны үйімнің жанынан таптым және өте қуаныштымын, – дейді III топтағы мүгедек, есту қабілеті төмен Лидия Гонкина.
«Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындары» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс берушілерге қолдау көрсетіледі. Мемлекет қызметкердің жалақысын субсидиялайды: бірінші жылы – 70% (30 АЕК-ке дейін), екінші жылы – 65%, ал үшінші жылы – 60% мөлшерінде.
Ардақ Искакова – көру қабілеті нашар II топ мүгедегі. Ол бала кезінен бері көзі нашар көргенімен, өмірде белсенді болуға тырысқан. Бірақ денсаулығына байланысты бірнеше жыл бойы үйде отырған. Бағдарлама туралы білген соң, қайта жұмысқа орналасты.
– Мен осы мансап орталығына келіп, әкімші қызметіне орналастым. Бұл жұмыс өзіме ұнайды. Келушілерді тіркеп, олардың ем алуын қадағалаймын, – дейді Ардақ Искакова.
Ардақтың жұмыс орны да арнайы жабдықталған, ал жұмыс берушінің шығындары субсидиялануда. Мұндай қолдау жұмыс берушілердің мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдауын ынталандырады.
2025 жылы Қарағанды облысында тағы 13 арнайы жұмыс орны ашылмақ. Бұл мақсатқа шамамен 55 миллион теңге бөлінген.
– 2024 жылы бізде 13 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде көру және есту қабілеті төмен жандар жұмысқа орналасты. 2025 жылы қозғалыс мүшелері зақымданған азаматтарға арналған жұмыс орындары да қарастырылуда, – дейді Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында еңбекке қабілетті 32 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 37%-ы жұмыспен қамтылған, бұл көрсеткіш республика бойынша орташа 28,6%-ды құрайды. Бұл бастама мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табуға көмектесіп қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға да зор үлес қосады.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»