Тарихи анимациялық фильм түсірілді

Қарағандылық суретші құм анимация әдісімен Қазақстан тарихы туралы мультфильм түсірді. Автор тек құм мен әйнекті қолдана отырып елдің қалыптасу тарихының әр түрлі кезеңдерін суреттеген.

Алексей Шапошев үш минуттық роликті тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай таспалаған.

– Бұл роликті түсіруге шамамен екі аптадан көп уақытымды жұмсадым. Сценарий жазу мен кадрларды орналастыру ұзаққа созылды. Ал сурет салу көп уақыт алмады. Өйткені бұл – менің күнджелікті жұмысым, – дейді суретші.

Анимациялық фильмде ел тарихының негізгі кезеңдері көрсетілген.

– Ұлы Жібек жолы, көшпелі халықтың өмірі, татармоңғол әскерінің басып кіруі, Кеңес үкіметінің орнауы, мәдениеттің өзгеруі, қалалардың құрылуы, қазіргі Қазақстан аумағы арқылы Түрксіб теміржолының салынуы, Байқоңыр ғарыш айлағының пайда болуы сынды маңызды оқиғаларды атап өткен жөн, – деді Алексей.

Алексей Шапошев №1 балалар көркемсурет мектебінде және Қарағанды сән колледжінде мүсін өнерінен сабақ береді.