Тұрғын үйді басқару мен жеке жауапкершіліктің шегі қай жерде?

Көпқабатты үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстау үшін тұрғындар арасынан Мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) төраға сайланады. Әдетте бұл қызметке үйдің жағдайына алаңдайтын, тұрғындардың мәселесін шешуге атсалысуға дайын белсенді азаматтар келеді. Алайда соңғы уақытта олардың мойнына жүктелетін жауапкершілікке қатысты дау көбейіп отыр.

Бұған Астанадағы қайғылы оқиға себеп болды. Өткен жылдың қараша айында көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы құлап, салдарынан жедел жәрдем фельдшері қаза тауып, тағы үш адам жарақат алған. Осы іске байланысты үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр.

Тергеу және айыптау тарапының ұстанымынша, МИБ төрағасы тұрғын үйді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауға міндетті болған. Ал елдің әр өңіріндегі МИБ төрағалары бұл жағдайды алаңдаушылықпен қабылдап, өздерінің өкілеттігі мен жауапкершілігі арасындағы шекараны қайта қарауды талап етуде.

Олардың пікірінше, МИБ төрағасы құрылыс салушының немесе жобалаушының бастапқы қателіктеріне жауап бермеуі тиіс. Себебі көпқабатты үй пайдалануға берілген кезде оның құрылыс сапасын кәсіби деңгейде бағалайтын арнайы маманы болмаған қарапайым тұрғынға мұндай жауапкершілікті жүктеу қаншалықты орынды?

Қарағандыдағы МИБ төрағасы Мира Досымбекова бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін өз тәжірибесінен біледі. Оның айтуынша, жаңадан салынған үйінде бірнеше жыл бұрын қатты желден шатыр зақымданып, қабырға элементтері құлаған.

– Егер сол кезде биіктен құлаған құрылыс элементтерінен біреу зардап шексе, оған мен жауап беруім керек пе еді? Біз құрылыс нысанын қабылдау кезінде техникалық сараптама жасайтын маман емеспіз. Мұндай ауқымды жауапкершілікті қарапайым тұрғынға жүктеу дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді Мира Досымбекова.

 

Қоғамдық жұмыс па, жауапты қызмет пе?

МИБ төрағаларының айтуынша, олардың көпшілігі бұл жұмысты үлкен табыс көзі ретінде емес, өз үйінің жағдайына бейжай қарамағандықтан атқарады. Ал жауапкершілік көлемі артқан сайын бұл қызметке келісетін тұрғындардың қатары азаюы мүмкін.

Қарағандыдағы «Алиханова» МИБ төрағасы Бағлан Булгунаевтың айтуынша, үйді басқарудан түсетін қаржының басым бөлігі ортақ мүлікті күтіп-ұстауға жұмсалады.

– Егер МИБ төрағасына кез келген оқиға үшін жеке жауапкершілік пен қылмыстық тәуекел жүктеле берсе, бұл қызметті атқаратын адам табу қиын болады. Мұндай жағдайда жауапкершіліктің бір бөлігі бүкіл бірлестікке немесе нақты кінәлі тарапқа бөлінуі керек, – дейді ол.

Ал «16-этажка» МИБ төрағасы Людмила Галюкевич басқарма төрағасының барлық шешімді өз бетінше қабылдай алмайтынын алға тартады.

– Біз меншік иелері жиналысының шешіміне тәуелдіміз. Қандай жұмыс атқарылатынын, оған қанша қаражат бөлінетінін тұрғындардың өздері шешеді. Төраға сол шешімдерді орындаушы ретінде әрекет етеді, – дейді ол.

Осы жерде мәселенің түйіні де көрінеді. Бір жағынан, МИБ төрағасына үйдің қауіпсіздігіне жауап беру міндеті жүктеледі. Екінші жағынан, оның қаржылық мүмкіндігі де, техникалық құзыреті де шектеулі. Үйдің күрделі мәселесін шешу үшін тұрғындардың келісімі мен қаражаты қажет, ал жасырын құрылыс ақауын анықтау үшін арнайы сараптама керек.

 

Құрылыс салушының жауапкершілігі қайда?

Құрылысшылар қауымдастығы өкілдерінің пікірінше, әр жағдай жеке саралануы керек. Егер ақау үйді дұрыс пайдаланбаудан пайда болса, жауапкершілік МИБ немесе басқарушы компанияға жүктелуі мүмкін. Ал құрылыс кезінде жіберілген қателік кейін анықталса, мәселе құрылыс салушыға қатысты қойылуы тиіс.

– Егер құрылыс нормалары бұзылып, соның салдарынан ақау пайда болғаны сараптама арқылы анықталса, жауапкершілік құрылыс салушыға қойылуы керек. МИБ мұндай жағдайда құрылыс компаниясына талап қойып, сот арқылы құқығын қорғауға тиіс, – дейді Қарағанды облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Құрылысшылар кеңесінің төрағасы Төлеген Әшімов.

Алайда мұндай ақауды анықтаудың өзі оңай емес. Тәуелсіз техникалық сараптама қомақты қаражатты қажет етеді. Ал оны қаржыландырудың негізгі көзі – тұрғындардың өздері жинайтын қаражат.

Оған қоса құрылыс компаниясының өзі нарықтан кетіп немесе банкрот болып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда тұрғындардың шығынын өндіріп алу тағы бір күрделі мәселеге айналады.

 

Заңды кім білуі керек?

Мәселенің тағы бір қыры – МИБ төрағасына қойылатын талап пен оның кәсіби дайындығының сәйкес келуі. Заңгерлердің айтуынша, әкімшілік жауапкершілікке қатысты нормалар күшейгенімен, МИБ төрағаларын кәсіби техникалық маман ретінде даярлау мәселесі толық шешілмеген.

Алматы қаласындағы ПИК қауымдастығының төрағасы, заңгер Аркадий Рубцов МИБ төрағалары үшін жауапкершіліктің артып келе жатқанын айтады.

– Әкімшілік заңнамада басқару органдарына қатысты жауапкершілік күшейді. Бірақ МИБ төрағасының техникалық маман емес екенін ескеру қажет. Үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай жұмыс қажет екенін анықтайтын кәсіби мамандар мен жеткілікті қаржы болуы тиіс, – дейді заңгер.

Оның айтуынша, жауапкершілік мәселесін күшейту оны орындауға қажетті тетіктермен қатар жүруі керек.

 

Төрағалар не талап етеді?

Астана, Алматы және Қарағандыдағы МИБ төрағалары өз талаптарын петиция арқылы білдіріп отыр. Олар заңнаманы қайта қарап, МИБ төрағасының, тұрғындардың, жобалаушылардың және құрылыс мердігерлерінің жауапкершілік шегін нақты белгілеуді ұсынады.

Негізгі талаптардың бірі – МИБ төрағасын оның өкілеттігіне дейін пайда болған жасырын құрылыс ақаулары мен жобалау кезіндегі қателіктер үшін жауапкершіліктен босату

Сонымен қатар тұрғын үйдің құрылыс сапасына қатысты мәселе туындаған жағдайда жауапкершілік нақты кінәлі тарапқа – құрылыс салушыға, жобалаушыға немесе жұмысты орындаған мердігерге жүктелуі тиіс деген пікір бар.

МИБ төрағаларының алаңдауы түсінікті. Себебі бұл қызметке келетіндердің басым бөлігі – сол үйде тұратын қарапайым азаматтар. Олар үйдің ортақ мәселесін шешуге атсалысқанымен, құрылыс инженері де, сарапшы да емес.

Сондықтан мәселе МИБ төрағаларын жауапкершіліктен толық босатуда емес. Ең маңыздысы – кімнің қандай жағдайда және қандай өкілеттік шегінде жауап беретіні заңда нақты көрсетілуі.

Үйдің қауіпсіздігі – ортақ міндет. Бірақ ортақ міндет жеке адамның жалғыз жауапкершілігіне айналмауы тиіс. Құрылыс салушының міндеті, меншік иелерінің жауапкершілігі және МИБ төрағасының өкілеттігі нақты ажыратылған жағдайда ғана тұрғын үйді басқару жүйесі де, оған деген азаматтардың сенімі де нығая түспек.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»