Мұғалімдерді аттестаттау жеңілдейді
Қазақстанда педагогтерді аттестаттау жүйесін оңтайландыру мәселесі қаралуда. Мемлекет басшысы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін бағалау тетігін сақтай отырып, оған қойылатын талаптарды түсінікті әрі жеңілдетуді тапсырды. Басты мақсат – ұстаздардың қағазбастылығын азайтып, уақытын тікелей білім беруге жұмсауына мүмкіндік жасау.
Мұғалімнің кәсіби деңгейін бағалау білім сапасын арттырудың маңызды тетігі саналады. Алайда аттестаттау кезінде талап етілетін құжаттар мен есептердің көптігі педагогтер үшін қосымша жүктеме болып отырғаны жиі айтылып келеді. Осыған байланысты аттестаттау талаптарын қайта қарап, оларды оңтайландыру көзделіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің кәсіби біліктілігін бағалау жүйесі сақталуы қажет екенін атап өтті. Дегенмен бағалау рәсімі мұғалімге артық әкімшілік салмақ түсірмей, нақты әрі түсінікті талаптарға негізделуі тиіс.
Жаңа тәсілде мұғалімнің кәсіби шеберлігін формалды құжаттар санымен емес, оның нақты педагогикалық қызметі мен нәтижесі арқылы бағалауға басымдық берілуі мүмкін. Бұл ретте бағалаудың объективтілігі мен ашықтығы басты талап болып қала береді.
Білім беру саласындағы кез келген өзгеріс мұқият ойластырылып енгізілуі керек. Мемлекет басшысы реформаларды асығыс жүргізуге болмайтынын айтып, олардың педагогтер мен оқушыларға ықпалын алдын ала бағалаудың маңызын атап өтті.
Педагогтерді қолдау тек аттестаттау талаптарын жеңілдетумен шектелмейді. Білім сапасына жас мамандардың мектепке қаншалықты тез бейімделуі де әсер етеді. Осыған байланысты болашақ мұғалімдерді мектептер мен балабақшалардағы жұмысқа бейімдеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру ұсынылды.
Бұл бағытта педагогикалық жоғары оқу орындары мен әдістемелік орталықтардың өзара байланысын күшейту көзделіп отыр. Негізгі міндет – жас маман диплом алғаннан кейін жұмыс ортасына тез бейімделіп, оқу-тәрбие процесіне толыққанды араласа алатындай жағдай жасау.
Мәселе педагог тапшылығы жағдайында одан сайын өзекті бола түсуде. Қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейді. Сондықтан жас мамандарды мектепке тарту және олардың кәсіби тұрғыдан орнығуына жағдай жасау – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі.
Сонымен бірге елімізде педагогтердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдердің кәсіби қызметін қорғауға бағытталған қосымша кепілдіктер қарастырылған.
Педагог мамандығының қоғамдағы беделіне қатысты көрсеткіштер де көңіл көншітерлік. TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстан мұғалім мамандығының беделін арттыру көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсеткен елдердің қатарында. Зерттеуге қатысқан қазақстандық педагогтердің 95 пайызы өз жұмысына қанағаттанатынын айтса, 80 пайызы мұғалім мамандығын қайта таңдауға дайын екенін білдірген.
Бұл көрсеткіштер ұстаздардың өз кәсібіне деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді. Ендігі міндет – осы оң үрдісті сақтап, педагогтің кәсіби дамуына кедергі келтіретін артық әкімшілік жүктемені азайту.
Аттестаттау жүйесін оңтайландырудың мәні де осында. Мұғалімнің уақыты есеп пен құжатқа емес, ең алдымен балаға, сабаққа және кәсіби дамуға жұмсалуы тиіс. Сондықтан алдағы өзгерістердің негізгі өлшемі – педагогке қойылатын талаптың сапасы мен оның білім беру нәтижесіне нақты ықпалы болмақ.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

