Ауруханаға түскен жағдайда жақындарыңызға хабарланады

Қазақстанда азамат ауруханаға түскен жағдайда оның жақындарына автоматты түрде хабар беретін жаңа әлеуметтік қызмет іске қосылды.

Енді жол-көлік оқиғасы немесе денсаулықтың күрт нашарлауы салдарынан адам медициналық ұйымға жатқызылса, ол алдын ала көрсеткен үш сенімді тұлғаға SMS-хабарлама жіберіледі.

Қызметті қосу үшін азамат eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы авторизациядан өтіп, «Ауруханаға жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенімді байланыс тұлғаларын тіркеу» қызметін таңдауы қажет. Одан кейін сенімді адамның ЖСН-ін енгізеді.

Сенімді тұлға 18 жастан асқан және Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс. Тіркеуге келісім беру туралы SMS хабарлама келгеннен кейін оны бес сағат ішінде растау қажет.

Жаңа қызмет төтенше жағдайда адамның жақындарына ақпаратты жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе науқас өз бетінше байланыса алмайтын жағдайларда маңызды.

Фото:inbusiness.kz