Мектептегі оқу тәртібіне өзгеріс

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде білім беру және бағалау тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңалықтар оқушылардың оқу жүктемесіне, смартфон қолдануына, мұғалімдермен қарым-қатынасқа және оқу бағдарламасына қатысты.

Бастауыш сыныптарда бұған дейінгі БЖБ мен ТЖБ форматы өзгертіледі. Оның орнына әр оқу бөлімінен кейін аралық жұмыстар жүргізіледі. Ал қалыптастырушы бағалау сақталып, оқушының сабақ барысындағы жұмысы 1-ден 10 балға дейінгі жүйемен бағаланады.

Мектеп қабырғасында мұғалімдерге сыйлық беруге де шектеу қойылады. Құттықтау шараларын білім беру ұйымынан тыс жерде өткізуге мүмкіндік қарастырылған.

Оқушылардың сабақ кезінде смартфон пайдалануына да бақылау күшейеді. Әсіресе 1-7 сынып оқушылары сабақ басталар алдында телефондарын арнайы орынға тапсыруы тиіс. Жоғары сынып оқушыларына қатысты жекелеген ерекшеліктер болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасы жаңа мазмұндағы пәндермен толықтырылады. Олардың қатарында «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп», «Жеке қауіпсіздік» сияқты курстар бар.

Әскери-патриоттық бағыттағы пәннің атауы да өзгеріп, жаңартылған бағдарлама «Бастапқы әскери дайындық» деп аталады. Оны оқытатын педагогтерге әскери еңбек өтілі бойынша талап қойылып, біліктілігін әскери оқу орындарында арттыру мүмкіндігі қарастырылады.

Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – оқу үдерісін жетілдіру, балалардың қауіпсіздігін күшейту және мектептегі тәртіп пен жауапкершілікті арттыру.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»