Қарағанды оқушылары шахматқа ден қойды

Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы №12 мектепте бастауыш сынып оқушыларына арналған жаңа шахмат кабинеті ашылды. Заманауи кабинет балалардың шахмат ойынын меңгеруімен қатар, олардың логикалық ойлау, зейін қою және талдау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Жаңа кабинет қажетті шахмат тақталары мен тастары, оқу құралдары және жұмыс дәптерлерімен жабдықталған. Сонымен қатар мектепке Қазақстан чемпиондарының қолтаңбасы қойылған арнайы шахмат тақтасы сыйға тартылды.

Шахмат кабинеті «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба бүгінде Қарағанды облысының 130 мектебінде енгізілген. Ал жаңа оқу жылында бағдарламаға тағы 42 білім беру ұйымы қосылды.

Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Динара Оспанованың айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты – кәсіби шахматшыларды даярлау емес, балалардың ойлау қабілеті мен өз бетінше шешім қабылдау дағдысын қалыптастыру.

Мектепте шахмат сабағы оқу жоспарына енгізіліп, аптасына бір рет өткізіледі. Оқушылармен арнайы даярлықтан өткен бастауыш сынып мұғалімдері жұмыс істейді.

№12 мектеп бұл бағдарламаға екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Осы уақыт ішінде оқушылар шахмат турнирлеріне, семинарлар мен конференцияларға белсенді қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған.

Фото: Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»