Өнегелі ұрпақ

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының волонтерлері Ұлы Отан соғысының 101 жастағы майдангері Сәттіғұлов Сұңғат Смағұлұлына барып көмек көрсетіп, ардагерді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап қайтты.

– Біздің еріктілер «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында қаламыздағы ардагерлерге көмек көрсетеді. Алғашқы күні олар Ә.Бөкейхан аунанында тұратын 101 жастағы майдангер Сұңғат Смағұлұлына барды. Еріктілер ардагердің кіреберісінен бастап есігінің алдын және пәтерін жинастырып, жуып-шайып берді. Сұңғат Сәттіғұлов сияқты соғысты көзімен көрген ардагерлердің қатары жыл санап сиреп барады. Қаламызда бүгінде 7 ардагер қалған екен, осы апталық соңына дейін олардың барлығын қамтимыз. Барша жастарды ерліктің озық үлгісін көрсеткен, бүгінде көзі тірі ардақты ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, қамқорлық танытуға шақырамыз! Қан майданда жаумен арпалысып бейбіт күн сыйлаған қаһармандарымызды еске алып ұлықтау біздің қасиетті борышымыз екенін ұмытпайық! – дейді Жастар ресурстық орталығындағылар.

Сұңғат Сәттіғұлов – Ұлы Отан соғысының ардагері. 18 жасында майданға аттанып, 1942 жылдың маусымынан бастап Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан. 1943 жылы жараланып, госпитальда ем алғаннан кейін 1944 жылы майданға қайта оралған. Құрметті қария Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін мемлекеттік наградалармен, оның ішінде ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған.