Мемлекеттік кеңесші Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Жиында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жүзеге асырылуы және Еуропа Кеңесі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттер тобының (ГРЕКО) ұсынымдары қарастырылды.
Бірінші мәселе бойынша Ерлан Қарин сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес Президент реформаларының басым бағыттарының бірі екенін айтты. Осы орайда жыл басында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдама стратегиялық міндеттерге қол жеткізуге, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою және жемқорлық деңгейін төмендету бойынша кешенді жұмыс жүргізуге, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Тұжырымдама институционалдық және нақты бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа тетіктерді пысықтауды, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам субъектілерін сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жұмысқа қатыстыруды көздейді.
Мемлекеттік кеңесші аталған жұмыстың тиімді іске асуы тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Осы орайда, комиссия отырысында Тұжырымдаманы орындауға қатысты проблемалар көрсетіліп, сын-ескертпелер айтылды.
Екінші мәселе бойынша еліміздің Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ГРЕКО бастамасына қатысу перспективасы талқыланды.
Ерлан Кариннің пікірінше, ГРЕКО аясындағы өзара тиімді ынтымақтастық көптеген дамыған елдерде тәжірибеден өткен және іске асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін қабылдауға мүмкіндік береді.
Отырыста талқыланған мәселелерді ескере отырып, Комиссия нақты ұсынымдар әзірледі. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жиын қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.