Табиғатты аялау – болашаққа қамқорлық

Қарағанды қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кезекті игі шара ұйымдастырылды. 20 мамыр күні болашақ «JASYL Ecopark» аумағында өткен экологиялық акцияға қала тұрғындары, демалушылар және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары белсенді қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін насихаттау және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру болды. Акция барысында қатысушыларға табиғи аумақтардың тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет тастамау және орман экожүйесін қорғаудың маңыздылығы түсіндірілді. Бүгінде өңірде ауа температурасының көтерілуіне байланысты өрт қаупі жоғары деңгейде сақталуда. Осыған орай ұйымдастырушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, орман алқаптарында от жақпауға, сіріңке мен темекі тұқылдарын тастамауға шақырды. Акция соңында қатысушылар сенбілік өткізіп, болашақ эко-парк аумағын қоқыстан тазартты. Жиналған еріктілер қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. Экологиялық шараға қатысқан ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының аға ғылыми қызметкері Құлынтай Монай мұндай бастамалардың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

– Табиғатты қорғау – тек экологтардың ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Бүгінгі акция жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Болашақ құқық қорғаушылардың осындай қоғамдық бастамаларға қатысуы олардың азаматтық ұстанымын нығайтып, туған жерге деген жанашырлығын арттырады. Табиғатты аялау – ел болашағына жасалған инвестиция, – деді Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының аға ғылыми қызметкері Құлынтай Монай.

Мұндай экологиялық акциялар қоғамда табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын азаматтарды ортақ мақсатқа жұмылдырады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да табиғатты қорғауға бағытталған шаралар жалғасатынын атап өтті.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»