Тарих сахнасының бірер сын

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған «Тарих сөйлейді: 90 жылдық хроникалар шеруі» атты кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – өңір тарихын түрлі кезеңдер арқылы таныстырып, жас ұрпаққа насихаттау.

Кездесуге Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Шет аудандары мен Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларынан келген қатысушылар қатысты. Олар Қарағанды өңірінің даму тарихын қамтитын зерттеу және таныстыру жұмыстарын ұсынды. Бағдарлама бірнеше тақырыптық бағыт бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Шахтаның алғашқы ошағы», «Индустрия дәуірі», «Тың игеру кезеңі», «Қайта құру – жаңа Қазақстан» және «Жаңа Қарағанды» кезеңдері қамтылды. Әр бөлімде өңірдің тарихи дамуы мен сол уақыттағы негізгі оқиғалар таныстырылды.

Көрмеде кеншілердің күнделікті тұрмысына қатысты жәдігерлер де қойылды. Олардың қатарында шахтерлердің жұмыс киімдері, жер астында қолданылған шамдар, су құятын ыдыстар және тұрмыстық заттар бар. Бұл экспонаттар сол кезеңдегі еңбек адамдарының өмірін нақты көрсетіп берді.

Келушілердің назарын аудартқан жәдігердің бірі – көмір кесектері болды. Олар Қарағанды өңірінің негізгі байлығы саналатын көмір өнеркәсібінің дамуына тікелей байланысты тарихи дерек ретінде таныстырылды.

– Мұндай кездесулер туған өлке тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Көптеген жаңа дерек алып, жақсы әсерде болдық, – деді Шет ауданы Ақсу-Аюлы аудандық балалар кітапханасының қызметкері Аяулым Мұратқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара Қарағанды облысының 90 жылдық тарихын жүйелі түрде таныстыруға және тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған.

 

Ералы ҒАНИ,

«QH»