Күш пен төзімділік сыналған дода
Қарағандыда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған дәстүрлі «KrgTartyluFest» турникке тартылу турнирі өтті. Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жарыс «Salauatty ómir saltyn tańda» жобасы аясында жыл сайын өткізіліп келеді және бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келетін спортшыларды біріктіретін ірі спорттық алаңға айналды.
Биылғы додаға Қазақстанның 10 өңірі мен 22 қаласынан 200-ден астам спортшы қатысты. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады. Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар, салауатты өмір салтын ұстанатын жастар, әуесқой спортшылар мен көше воркаутының жанкүйерлері де қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, жастарды тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға ынталандыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Соңғы жылдары Қарағандыда көше спорты мен воркаут қозғалысы қарқынды дамып келеді. Қалада ашық спорт алаңдары мен жаттығу кешендерінің саны артып, жастар арасында турникке тартылу, күштік гимнастика және стрит-воркаутқа қызығушылық едәуір өскен.
Турнир барысында қатысушылар жоғары деңгейдегі физикалық дайындықтарын, күш-қайраттарын, төзімділіктері мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жарыс бірнеше салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылып, еліміздің үздік спортшылары өзара бақ сынады.
Әйелдер арасындағы абсолюттік салмақта Жанна Сүлейменова жеңімпаз атанса, Ольга Дулина-Мандрика екінші, София Хазеева үшінші орынды иеленді.
Ерлер арасында 67,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сергей Тепляков топ жарды. Азат Майкотов күміс жүлдеге, Меир Кутуев қола жүлдеге ие болды.
67,5-87,5 келі аралығындағы салмақта Бисұлтан Текебаев бірінші орынға көтерілсе, Вадим Ишмұхаметов екінші, Атабек Сейднасыров үшінші орынды еншіледі.
87,5 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Асқарбек Қосбамбет жеңімпаз атанды. Талғат Әбукенов күміс, Жасұлан Үсембаев қола жүлдені жеңіп алды.
«KrgTartyluFest» турнирі жыл сайын өз ауқымын кеңейтіп, қатысушылар саны артып келеді. Бұл жоба Қарағандының бұқаралық спортты дамытудағы және жастарды салауатты өмір салтына баулудағы маңызды бастамаларының біріне айналып отыр. Осындай жарыстар жас буынға спортпен шұғылданудың маңызын насихаттап қана қоймай, өңірдің спорттық әлеуетін арттырып, белсенді әрі дені сау қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
Фото @qaragandy_jastary
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

