Электр энергиясы тағы қымбаттай ма?

Қазақстанда электр энергиясының тарифі тағы да өсуі мүмкін. Энергетика министрлігі бұл шараны елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын сақтау және инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігімен түсіндіріп отыр. Алайда сарапшылар электр станцияларындағы бағаның көтерілуі түптеп келгенде қарапайым халықтың коммуналдық төлемдеріне әсер ететінін айтады.

Министрліктің мәліметінше, шекті тарифтерді түзету электр энергиясы нарығының көтерме сегментіне қатысты және энергетикалық кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Бұл шара энергетикалық кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне, жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге, негізгі энергетикалық жабдықтарды жаңғыртуға және саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға жағдай жасауға бағытталған», – дейді ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаменті директорының орынбасары Мұрат Әбілқалықов.

Ведомствоның мәліметінше, тарифтерді қайта қарау электр станцияларының жөндеу науқандарын уақытылы өткізуге, тозған жабдықтарды жаңартуға және энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі таңда елде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетиканы жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған қажетті шығындар да кезең-кезеңімен тариф құрамына енгізілуде.

Дегенмен, сарапшылар тариф өсімінің экономикалық негіздемесі мұқият тексерілуі тиіс деп санайды. Олардың пікірінше, энергия өндіруші ұйымдардың барлық шығындары негізсіз түрде тарифке енгізілмеуі қажет.

«Тарифтерде көрініс табатын ешқандай артық шығындар болмайды деп үміттенемін. Өйткені энергия өндіруші ұйымдарда қомақты бонустар төленетін жағдайлар кездеседі, ал мұндай шығындардың барлығы тарифке қосылып кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу керек. Сондай-ақ жанармай бағасының 20 пайызға дейін қымбаттауы да сұрақ туғызады. Егер елдегі инфляция деңгейі шамамен 10 пайыз болса, онда мұндай өсімнің экономикалық негізі нақты түсіндірілгені жөн», – дейді тарифтер жөніндегі халықаралық сарапшы Асхат Жапсарбай.

Сарапшының пікірінше, табиғи монополия субъектілері мен энергия өндіруші ұйымдардың тарифті көтеру туралы әрбір өтінімі жан-жақты талданып, оның шығындары мұқият тексерілуі қажет.

Мамандар электр энергетикасы саласын жаңғырту мен жабдықтарды жаңарту қажеттігін жоққа шығармайды. Алайда тарифтердің өсуі халықтың әлеуметтік жағдайына және кәсіпкерлік сектордың шығындарына тікелей әсер ететіндіктен, бағаны көтеру мәселесінде ашықтық пен экономикалық негіздеме басты қағидаттардың бірі болуы тиіс деп есептейді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»