Робот ит сынақтан өтуде

Қарағандыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жаңа технологиялық жоба пилоттық режимде іске қосылды. Құқық қорғау органдары патрульдік қызметке көмек көрсету үшін арнайы робот-итті сынақтан өткізіп жатыр. Заманауи құрылғы алдағы уақытта қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауға және полиция қызметкерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыруға септігін тигізуі мүмкін.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, робот-ит бейнебақылау және бейнеталдау жүйелерімен жабдықталған. Ол айналасындағы жағдайды бақылап қана қоймай, арнайы дерекқорлар арқылы тұлғаларды сәйкестендіруге, іздеуде жүрген немесе хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылғы автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тіркеп, алынған ақпаратты жедел түрде операторларға жолдай алады. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысын жеделдетіп, қоғамдық орындардағы бақылауды күшейтуге бағытталған.

Робот тәуліктің кез келген уақытында жұмыс істеуге бейімделген. Ол жарық шамдарымен, дыбыстық сигнал беру жүйесімен және дауыс зорайтқышпен жабдықталған. Сондай-ақ әртүрлі жылдамдық режимінде қозғалып, патрульдеу аумағын тиімді бақылай алады.

Жаңа технологияның алғашқы сынақтары Қарағанды қаласының Орталық саябағында өткізілді. Ерекше құрылғыны көрген тұрғындар оның жұмысына қызығушылық танытып, суретке түсіріп, қызмет ету мүмкіндіктерімен танысты. Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін робот-иттің тиімділігі жан-жақты сараланып, оны құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде кеңінен пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Егер жоба оң нәтиже көрсетсе, мұндай интеллектуалды жүйелер қоғамдық қауіпсіздікті арттырудың заманауи құралына айналуы ықтимал.

Фото Облыстық полиция департаментінен

Ералы ҒАНИ,

«QH»