Ұялы байланысқа жаңа талаптар енгізілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекоммуникацияларды дамыту мәселелері бойынша заңға қол қойды. Құжат ұялы байланыс саласына бірқатар маңызды өзгерістер енгізіп, абоненттердің қауіпсіздігін күшейтуге және қызметтердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, енді операторлармен шарт жасау үшін азаматтар міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс. Бұл шара телефон алаяқтығының алдын алуға және абоненттердің жеке деректерін қорғауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ұялы байланыс операторлары жоспарлы жұмыстар мен апаттық жағдайлар туралы тұтынушыларды алдын ала қолжетімді тәсілмен хабардар етуге міндеттеледі. Ал тарифтердің қымбаттайтыны жөнінде кемінде 60 күн бұрын SMS-хабарлама және ресми сайт арқылы ескертуі қажет.
Заңда ұялы телефондарды верификациялау тәртібі де нақтыланды. Бір жыл ішінде жеке пайдалану үшін елге әкелінген екіден аспайтын құрылғыны тегін тіркеуге болады. Егер телефон немесе нөмір басқа адамға тұрақты пайдалануға берілсе, оны қайта ресімдеу талап етіледі.
Сонымен қатар ұялы телефон сатушыларға жаңа міндеттер жүктелді. Енді олар сатып алушыға берілетін чекте құрылғының сәйкестендіру кодтарын (IMEI) көрсетуге тиіс.
Тағы бір маңызды жаңалық – байланыс операторлары әлеуметтік маңызы бар мобильді қосымшаларға тәулік бойы тегін қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Ақорданың баспасөз қызметі бұл бастаманы еліміздегі цифрлық теңдікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

