Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы 1 қырқүйекте басталып, 36 аптаға созылып 31 мамырда аяқталатынын хабарлады. Мектептерге қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізілді.

Арнайы зерттеулердің қорытындыларына сәйкес 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін анықталды. Осыған орай, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқытуды, ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілін оқыту туралы шешім қабылданды. Қазақ тілді мектептерде екінші сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі, ал ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан басталады.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау институты енгізілді. Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа қағидалары да іске асырылып жатыр, оның ішінде Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы. Енді ата-аналар жиналастары да заманауи және тиімді форматта өткізіледі.

Биыл колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға мемлекеттік тапсырыс 70%-ға, көмекті қажет ететін балаларды қабылдау үшін грант квотасы 50%-ға дейін ұлғайтылды. Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп 4000 астам білім беру бағдарламасын жаңартты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, елімізде 120 ЖОО жұмыс істейді, олардың 104-інде жөндеу жұмыстары жүргізілді.