Еленбей келген ерлік

ХХ ғасырдың көзі ашық, көкірегі ояу азаматының бірі Имам Әлімбекұлы 1885 жылы бұрынғы Семей губерниясындағы Қарқаралы уезінің Ақсары болысына қарасты Уақ деген қыстағында, қазіргі Қарқаралы ауданының Бесоба ауылында дүниеге келген. Әкесі сауатты, ел арасында беделді кісі болған. Имамның барлық бастамасын қолдай отырып, өз қатарластары арасында Қазақ елінің дербес ел болуы қажет екенін насихаттаған. Сол замандағы қазақтың көзі ашық азаматтары ортақ мақсатқа тоғысқан Семей қаласында Ж.Аймауытов, М.Әуезовтермен танысып, осы жылдардың демократиялық ой-пікірлерін бойына сіңіреді.

Академик Р.Каренов «Алаштың аты аталмай жүрген қайраткері» деген мақаласында («Орт. Қазақстан», 31.01.04 ж.) былай деп жазады: «Имам Әлімбекұлының адам ретінде, азамат ретінде қалыптасуына Ахмет Байтұрсынов көп ықпал жасаған». 1908-1913 жылдары Имам Әлімбекұлы орыс-қазақ мектептерінде мұғалім бола жүріп, қазақ тілі және әдебиетінің тарихымен, теориясымен шұғылданды, халықтың көркемсөз мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу ісіне араласты, баспасөзге мақала жазды. Оқуын тәмамдап, ұстаздық қызметпен айналысып жүргенде И.Әлімбекұлы В.Куйбышевтың Новосібірден шығып тұрған «Сибирская ветвь» газетіне мақала жолдайды. Оның атаулы партия құрамына кіру жөніндегі ұсынысынан қазақ оқығандарының жеке демократиялық партия құратынын айтып бас тартқан екен.

Алаш қайраткерінің әр жылдары жазған мақалалары «Қазақ баспасөзінің тарихы» жинағында келтірілген. Оның «Қазақ» газетіндегі «Шын керектің бірі» (1914, №66), «Қазақ

халқының тұңғыш съезі» (1917, №225), «Сарыарқа» газетінде «Естиярлық сыналатын болды» (1917, №3) сияқты мақалалары жарық көрді. «Сарыарқа» газетінде редакторлық қызметте жүріп, болашақ тәуелсіз Қазақ автономиясын құру идеясын қолдаушылардың біріне айналады.

Алашорда басшыларына ақпен де, қызылмен де уақытша тіл табыса тұру керек болған кезеңде Семей облыстық Қазақ комитетінің мүшелері ақылдаса келіп, Имам Әлімбекұлын кеңестік революциялық штабқа астыртын қызметке жібереді. Ол өз басын қауіп-қатерге тіге жүріп, қазақтың талай азаматын тікелей төнген ажалдан аман алып қалды.

Семей мұрағатында сақталған құжаттар мазмұнынан алашордашыларға қарсы бағытталған әрекеттер Семей облысында көп орын алғанын байқаймыз. Оның да өз сыры бар еді. 1918 жылы 13 қарашадағы Сібір үкіметінің атынан түскен телеграммада «Семейдегі партизандық дивизияның атаманы Б.Анненков гарнизон басшылығы қызметін қолына көшіріп, өлкеде қатаң тәртіп орнатқаны» көрсетілген.

Қарқаралыда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, туған жеріне оралған Имам 1920-1930 жылдар ішінде Қарқаралы революциялық комитетінің, кейіннен уездік атқару комитетінің мүшесі болады. 1924-1928 жылдары Милыбұлақ, Қу, Ақтоғай аудандарында оның басшылығымен мектептер, фельдшерлік бөлімдер, кітапханалар және басқа да мәдени ошақтар ашылды. Бесобаға қарасты Қызыл ту елді мекенінде бір қабатты, Бесобаның өзінде екі қабатты үй салады. Қос құрылысқа да қаржыны Имам Әлімбекұлы халықты тері жинап тапсыруға біріктіріп, содан түскен ақшаға мектеп ғимаратын көтереді.

Осы жылдарда ол халық ағарту ісіне белсене араласады. Қаладағы педагогикалық техникумның негізін қалап, оның тұңғыш меңгерушісі болады. Сонымен қатар қаладағы екі басқышты мектепте дәріс беріп, бала күнгі досы Ә.Ермековпен қайтадан қызметтес болады.

1930 жылғы 31 қаңтардағы Қарқаралы округтік оқу бөлімінің №2 жарлығының 14-тармағына сәйкес былай делінген: «Осы жарлықтың №6 тарауы өзгертіліп, қара шаруа жастары әм техникум мектептерінде оқытушы Әлімбекұлы Имам белгілі алашордашыл әм атқамінер болып, негізі кеңес тілегіне жат адам болғандықтан, еңбекшілер балаларын кеңес жолымен тәрбиелей алмайды» деп тауып, Әлімбекұлын 1930 жылы 1 ақпаннан екі мектептегі оқытушылық қызметінен шығарады.

Қарқаралы округтік оқу бөлімінің қудалау шараларынан кейін 1930 жылы Мағжан Жұмабайұлының шақыруымен Петропавлға қоныс аударып, осындағы ауылшаруашылығы техникумында сабақ береді».

Бір кезде «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінде жинақтаған шығармашылық тәжірибесі құр босқа далаға кетпейді. Түрлі басылымға мақалаларын жариялап, қаламгерлік дарынын шыңдай түседі. Оның ел тұрмысының сан алуан қырын шеберлікпен суреттеп, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсылық білдірген мақалалары 1910 жылдан бастап Семей, Новосібір, Омбы қалаларында шығып тұрған орыстілді газетжурналдарда үнемі басылып тұрған. Сонымен қатар қазақ ауылдарындағы тұрмыс түйткілдерін сөз еткен әйел теңдігі, өнер-білімнің кең өрісі жөніндегі жазбалары «Айқап», «Дала уәлаяты», «Қазақ» тәрізді газет-журналдарда барынша мол жарық көріп, «ұйқыдағы елдің» санасын сілкуге қызмет етуі оның қашан да қайнаған қоғамдық істердің бел ортасында болғанын көрсетеді.

1930 жылдардың басында Алаш қайраткерлері «халық жауы» ретінде айыпталып қамауға түсе бастаған кезде, Имам Әлімбекұлы да Алаш жайсаңдарының алғашқы 44 легіне ілігіп, «Кеңес үкіметіне қарсылық көрсеткен» деген айыппен 1929 жылдың 16 тамызында басқа қазақ зиялыларымен бірге Мәскеудің Бутырка түрмесіне айдалады. 1930 жылы 4 сәуірде Біріккен саяси бас басқармасының шешімімен ату жазасына кесілген 13 адамның арасында Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектермен бірге Имам да бар еді. Бірақ 1931 жылы 13 қаңтарда атаулы үкім кей азамат үшін бұзылып, оларды он жылға жер аударады.

Осы кезеңде басына Қызыл әскердің бұлты үйіріліп, Қарағанды, Омбы, Көкшетау қалаларын паналайды.

Алмағайып заманға қарамастан жарқын өмірге, азат елге шын сеніммен қарап, ондай ел азаматтары барынша білімді болуы керек дегенді айтып, ағартушылық жұмыстарымен айналысқан.

Алаш қайраткері Имам Әлімбекұлының сонау қиынқыстау замандағы үміт пен күдікке толы өмір жолының тұйыққа тірелген кезі 1937 жылдың 14 наурызына келеді. Деректерде сол күні пәтеріне тінту жүргізіліп, оның алашордашыларға қатысын айғақтаған «Алашорда тарихының очеркі», Абай өлеңдерінің томы, төрт фотосурет табылады. Сөйтіп, тағы тұтқындалған Алаш қайраткерінің тергеуі басталып, 1937 жылдың 12 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Айыптау қорытындысында: «Алимбеков И. сочинял контрреволюционные стихотворения с прямым призывом к свержению Советской власти, распространял их среди учащихся и колхозников на вечере, организованном по случаю встречи нового 1937 года. Ниже приводится выдержка из стихотворения сочинений Алимбекова:

«…Долой Совет, гнусный (карабет),

Выколем тебе глаза, истребим

И уничтожим тебя», — дегені, сондай-ақ осыған қоса «У нас в советской системе нет демократии, всякие вопросы разрешаются меньшинством» және «Больше сажать некого, так теперь Советская власть взялась за колхозников» деген пікірлер білдіргені атап көрсетілген.

Сыныққа сылтау іздеген айыптаулар негізінде НКВДның 1937 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысымен И.Әлімбекұлының ісі анықталды деп шешіліп, оған ату жазасы берілді. Сөйтіп, елім деп еңіреген есіл ердің кешіп өткен азапты да абыройлы жолын тиянақтап, үкім 1937 жылы 15 қыркүйек күні орындалды.

Аруақты ердің ардақты есімі арада 53 жыл өткеннен кейін, 1990 жылы 15 наурызда ғана ортамызға қайта оралды.

Әлімбектің Имамы секілді қазақ үшін қылша мойнын қылышқа тосқан осындай небір ерлердің есімдері тоталитарлық сұрқия жүйенің зауалынан еленбей тасада қалып келді. Осынау азапты жолда Алашқа қалтқысыз қызмет қылған арыстай азаматтарымыздың есімін ел жадында жаңғыртып, рухын қайта түлету — бүгінгі қазақтың еншісіндегі абыройлы борыш. Алаш қайраткерлерінің ел мүддесіне адал қызмет еткеніндей, бүгінгі қазақтың да осы борышына соншалық адал болуын жазғай!

Асқар Мағжан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті,

Қозыбақова Ф.А, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ғылыми жетекші