БИЫЛ КӨШЕЛЕРГЕ 3000 БЕЙНЕКАМЕРА ҚОЙЫЛАДЫ

Ережені елемейтіндердің дәурені өтіп бара жатқан секілді. Енді Қарағанды қаласы жолдарының әр қиылысы мен қауіпті аймақтарына жол ережесін қадағалайтын, ал, кейбірі жылдамдықты өлшейтін арнайы камералар қойылды. Бұл құрылғылар өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сергек» камераларымен пара-пар.

Бастама «Қауіпсіз қала» жобасы аясында қолға алынып, бастапқыда 3 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылады. Үш кезеңнен тұратын бағдарлама жыл соңына дейін толық аяқталады. Камералардың басым бөлігі облыс бойынша криминогендік ахуал күрделі аудандар мен қалаларға қойылмақ. Ал 100 шақты камера жол ережесі мен жылдамдықты қадағалайды. Қазір Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалаларында және Осакаров кентінде конкурстық жұмыстар аяқталып, камералар іске қосыла бастады. Наурыз айына дейін аталған бақылау камералардың 1 мыңға жуығы тестік режимде жұмыс істей бастаған. Қазір болса барлығы штаттық режимге көшкен.

Облыстық ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Рустам Байжановтың сөзінше аталған камералар көліктің мемлекеттік нөмірін тани алады. Тағы 100 камера жылдамдық өлшеп, басқа да жол ережесін бұзғанды анықтайтын болады. Қалғандары стационарлық камералар мен жылжымалы кешендер. Барлығы бір ортақ базаға біріктіріледі. Бейнежазбалар қажетті мемлекеттік органдар мен құқық қорғаушыларға қол жетімді болады дейді.

Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қаулысы негізінде елдімекендердің ішінде көшпелі радарлармен жылдамдық өлшеуге тиым салынған. Сол кезде министр қала мен елді мекен ішінде жылдамдық өлшейтін камералардың жеткілікті екенін, қажет болса алдағы уақытта саны тағы да артатынын айтқан еді. Бұл жобалар өз кезегінде сол сөзді айқындап тұр. Екінші жағынан жүргізуші мен жол полициясы арасындағы қарым-қатынасты барынша азайтуға бағытталған. Себебі бұрынғы кезде қала ішіндегі 40-тан асырма деген белгінің қасында тұра қалып, жүргізушілерді тоқтатып, арты бармақ басты, көз қысты әрекетке барып жатқан кездер болғаны жасырын емес.

Осы орайда негізінен ең көп бұзылатын жол ережесі мен оған салынатын айыппұл мөлшеріне тоқталсақ:

Белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру:

592-бап

  1. Көлік құралының белгіленген жүру жылдамдығын сағатына оннан жиырма километрге дейін арттыру — 5 АЕК (14 585 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
  2. Көлік құралының белгіленген жүру жылдамдығын сағатына жиырмадан қырық километрге дейiнгi шамаға арттыру — 10 АЕК (29 170 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
  3. Көлiк құралының (КҚ) белгiленген жүру жылдамдығын сағатына 40 километрден астам шамаға арттыру — 20 АЕК (58 340 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

4.Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер — 30 АЕК (87 510 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

599-бап

Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту:

  1. Осы Кодекстiң 607-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту — 10 АЕК (29 170 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
  2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет — 15 АЕК (43 755 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

600-бап

Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу:

  1. Жол жүрісінде басымдықты пайдаланатын көлiк құралдарының жүргiзушiлерiн қоспағанда, жол жүрiсi қағидаларының жаяу жүргiншiлерге немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларына жол беру талаптарын орындамау — 10 АЕК (29 170 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
  2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет — 15 АЕК (43 755 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қазақстанда АЕК қанша теңгеге тең?

2021 жылы АЕК 2917 теңге (6,9 доллар) болады. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК 2 651 теңгеге, 1 сәуірден бастап 2 778 теңгеге дейін ұлғайған еді.

Осы орайда, Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі еске түседі.

Расул МҰХАММЕД, QH.