АТАҚТЫ АКТЕРМЕН ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, «Менің атым – Қожа» фильмінде Қожа рөлін сомдаған актер Нұрлан Санжармен шығармашылық кездесу өте жоғары деңгейде өтті. Рухани шара Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына және Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына арналды.

Ашық әңгіме форматындағы айрықша кездесу барысында жазушы шығармашылығы мен өмір жолы туралы кеңінен көсіліп ой толғады. «Менің атым – Қожа» фильмі туралы ешкім естімеген ерекше ақпараттарды бөлісті. Әсіресе атақты актер түсірілім барысындағы қызықты оқиғаларын тілге тиек етті. Ал фильмге түсуге келісім беруіне режиссердің «Сабақтан босатыласың!» деген бір сөзі себеп болғанын риясыз көңілмен жеткізді.

– Мені «сабаққа төрт ай бойы қатыспайсың» деген бір сөзі арбап алды. Бірақ соңында 5-сыныпты екі рет оқып шығатынымды кім білген?.. – деп жиналған қауымның езуіне күлкі үйірді Нұрлан Санжар.

Кеншілер шаһарындағы ордалы білім ордаларының оқытушылары мен жалынды жастары белгілі актерден санасына салмақ салған сұрақтарына нақты жауап алды. Танымал тұлға Нұрлан Санжардың шығармашылық жолы да – өз алдына бір төбе. Оның «Періште», «Қызыл қар» хикаяттары және «Нежданный гость – Джучи», «Бату-хан» романдары жарық көрген.

Актердің ормандай оқырманынан оң бағасын алған «Ангелочек» повесінің желісімен түсірілген «Ангелочек» балалар телесериалы «Ялта» телевизиялық фильмдер фестивалінде арнайы сыйлықтың иегері атанған. Сонымен қатар Мәскеу телефорумының жүлдесімен салтанатты жағдайда марапатталған.

Рухани шарада «Мен Қожаның егізімін» облыстық фестивалінің жеңімпаздарына құрмет көрсетілді. Өз кезегінде даңқты драматург үздік шыққан балаларға ақжарма лебізі мен ақ тілегін ыстық ықыласпен білдірді.

– «Менің атым – Қожа» фильмін сілтідей тынып көремін. Ол – сол дәуірдің шындығын көркем суреттеген, көрерменін тапқан туынды. Біз тәртіпке бағынбайтын Қожаның бойынан кеңестік жүйеге көнбейтін далалық, қазақы бұла рухты байқаймыз. Басты рөлде ойнаған актерді көріп бала күнім есіме түсті. Кеш өте тамаша болды, – деп ой бөлісті қала тұрғыны Жазира Қуандыққызы.

Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»