Кітапқа құштарлық қайта оралуда

Цифрлық технология күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған заманда кітап оқуға деген қызығушылықтың сақталуы ерекше маңызға ие. Ақпаратты экраннан жылдам қабылдауға үйренген жас буын арасында қағаз кітапты таңдап, әдеби шығармаларға ден қоятындар да бар. Қарағандыда жастарға арналған жаңа кітап кеңістігінің ашылуы – соның бір дәлелі.

Бүгінде әлеуметтік желілер, қысқа бейнероликтер мен түрлі цифрлық платформалар жастардың күнделікті өмірінен кең орын алған. Ақпаратқа қол жеткізу жеңілдегенімен, оның барлығы бірдей терең ойға жетелеп, таным көкжиегін кеңейте бермейді. Ал кітап оқу адамды асықпай ойлануға, оқиғаны саралауға, кейіпкерлердің болмысын тануға және өз көзқарасын қалыптастыруға үйретеді. Сондықтан кітаптың қоғамдағы орны мен маңызы ешқашан төмендемек емес.

Қарағандыда жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жаңа бастамалардың бірі – Saryarqa Creative Hub алаңында ашылған жастар кітапханасы. Биыл жұмысын бастаған бұл кеңістік жас оқырмандардың бас қосатын орнына айналып келеді. Мұнда жастар кітап оқып қана қоймай, әдеби шығармаларды талқылап, пікір алмасып, танымдық кездесулерге қатыса алады. Яғни, кітапхана дәстүрлі оқу орнынан бөлек, жастардың шығармашылық және зияткерлік дамуына мүмкіндік беретін орта ретінде қалыптасып келеді.

Кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Інжу Мақанова. Ол соңғы екі жылда кітап оқуға ерекше ден қоя бастаған. Алғашында шағын шығармаларға қызығушылық танытқан оқушы уақыт өте келе көлемді туындыларды да оқуға дағдыланған.

Інжу үшін қағаз кітаптың орны бөлек. Оның айтуынша, баспа нұсқасын қолыңа ұстап, парақтап оқудың өзіндік әсері бар. Шығарманың мазмұнына терең бойлап, автордың ойын саралауға да осындай оқу тәсілі мүмкіндік береді. Әсіресе жаңа кітаптың иісі мен парақтарын асықпай ақтару оқуға деген ықыласты арттырады.

Жас оқырман жастар арасында кітапқа қызығушылық бар екенін де айтады. Оның байқауынша, кітапханаға келетін қатарластары аз емес. Ал Saryarqa Creative Hub-тағы жаңа кеңістік ашылғалы бері мұнда тұрақты келіп, сүйікті шығармаларын оқуға мүмкіндік алған. Кітап қорының толығып, оқуға қолайлы жағдайдың жасалуы да жас буын үшін маңызды.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесі мемлекеттік деңгейде де назардан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде кітап оқудың, білім мен зияткерлік дамудың маңызын бірнеше рет атап өткен. Өйткені кітапқа жақын ұрпақтың дүниетанымы кеңейіп, сыни ойлау қабілеті қалыптасады. Бұл – тек жеке адамның дамуына емес, тұтас қоғамның рухани өркендеуіне ықпал ететін құндылық.

Дегенмен кітап оқитын ұрпақ қалыптастыру бір ғана бастамамен немесе жаңа кітапхананың ашылуымен шектелмейді. Оның негізі отбасындағы тәрбиеден, мектептегі білімнен және адамның жеке ізденісінен басталады. Ал кітапханалар осы қызығушылықты одан әрі дамытуға, оқырманның өзіне жақын әдеби бағытты табуына жағдай жасайды.

Қарқынды ақпарат ағыны мен цифрлық технология үстемдік құрған кезеңде кітапқа уақыт бөлу – өзін-өзі дамытуға жасалған маңызды қадам. Өйткені кітап адамға дайын ақпарат ұсынып қана қоймай, ойлануға, салыстыруға, қорытынды жасауға үйретеді. Экрандағы ақпарат бір сәтте жаңарғанымен, кітаптан алған әсер мен түйген ой ұзақ уақыт санада сақталады.

Кітаптың қадірі оның қағаз мұқабасында немесе парақтарының иісінде ғана емес, адамға сыйлайтын білімінде, ой салатын мазмұнында. Ал сол құндылықты бағалайтын жас оқырмандар барда кітап оқу дәстүрі де жалғасын таба бермек.

 

Балхаш РАХЫЖАНОВ,

«QH»