Адам папилломавирусына қарсы екпенің маңызы
Елімізде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздарды адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Осы ретте, 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарды қоса алғанда, толықтыра иммундау жүргізілуде.
Бұдан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне АПВ-ға қарсы вакцинациялауға жататын контингентті кеңейту мәселесі бойынша азаматтардан өтініштер түсуде. Осыған байланысты, АПВ-мен байланысты онкологиялық аурулардың даму қаупін төмендетуге бағытталған профилактикалық шараларды одан әрі күшейту, сондай-ақ жасөспірімдерді қосымша қорғауды қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасында 14-17 жас (қоса алғанда) аралығындағы қыздарға АПВға қарсы қосымша вакцинация жүргізу туралы» ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы № 7 қаулысына қол қойылды.Қаулыға сәйкес АПВ-ға қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті негізде жүргізіледі.
Айта кету керек, вакцинация егілушінің немесе ата-анасының (заңды өкілінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізіледі.Қосымша вакцинация АПВ-ға қарсы вакцинаның қолда бар қорлары есебінен жүзеге асырылады.
АПВ (адам папилломавирусы) – бұл әртүрлі мүшелердің терісі мен шырышты қабығына (мысалы, жатыр мойны немесе аногенитальды аймақ) жұғатын вирус. Кейбір жағдайларда инфекция папилломалардың (сүйел өсінділері) пайда болуына әкеледі. АПВ-ның 200-ден астам түрі бар.
Бүгінгі таңда АПВ-на қарсы ем жоқ, оны алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. АПВ қарсы вакциналар 2006 жылдан бері қол жетімді. Вакцина тегін жүргізіледі. Вакцинация ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде жүргізіледі. Ата-аналардың өтініші бойынша вакцинация тіркелген жері бойынша емханаларда да жүргізіледі.
Әрбір ата-ана вакцинация жасау туралы дұрыс шешім қабылдауы керек. АПВ вакцинасын алу арқылы болашақта аурудан қорғауға болады.
Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының
СЭББ басшысы

