Татамидегі тартыс: Қарағандыда 800 спортшы бақ сынады
Қарағандыда кёкушинкай каратэден қалалық чемпионат өтті. Татамиге 5 жастағы бүлдіршіндерден бастап тәжірибелі ардагерлерге дейін 800-ге жуық спортшы шығып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер алдағы республикалық додаларда өңір намысын қорғайды.
Чемпионат сегіз татамиде, 92 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар санының көптігіне байланысты бәсеке екі кезеңге бөлінді. Турнирге балалармен қатар жасөспірімдер, ересектер және ардагерлер қатысты. Ал 12 жасқа дейінгі ақ және сары белбеу иегерлеріне «Жаңадан бастаушылар» атты арнайы санат қарастырылды.
Жарысқа қатысушылардың бірі – Маргарита Чупахина. Ол каратэмен бес жылдан бері айналысады, жасыл белбеу иегері. Жас спортшының айтуынша, жарысқа тыңғылықты дайындалып, бар күшін салған. Қарсыластарының да дайындығы жоғары болған.
Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – жаңа таланттарды анықтап, болашағынан үміт күттіретін спортшыларға мүмкіндік беру. Турнир нәтижесінде жасақталған үздік құрам республикалық және халықаралық жарыстарда Қарағанды облысының намысын қорғайды.

