Бір өнер, бір әлем, ортақ мүмкіндік
Қарағандыдағы инклюзивті жоба шығармашылықтың ортақ тіл екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Өнерді сезіну үшін оны міндетті түрде көру шарт емес. Кейде сұлулықты түйсіну үшін саусақ ұшымен сипау, қиялға ерік беру мен шығармашылыққа деген құштарлықтың өзі жеткілікті. Өйткені өнер – адамның ішкі жан дүниесін жеткізетін, түрлі адамды ортақ сезім мен түсіністікке біріктіретін ерекше әлем. Осыны тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымды кездесу Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде өтті. Мұнда көзі көретін және зағип жандар бас қосып, «ИнклюзивLab-тағы ЭкстраАРТ» атты инклюзивті шығармашылық шарасына қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – қоғамдағы қалыптасқан түсініктерді өзгерту, әр адамның қабілеті мен мүмкіндігін көрсету, шығармашылық арқылы өзара түсіністік пен қолдауды нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, инклюзия – жекелеген адамдарға ғана қатысты ұғым емес, барша қоғамға ортақ құндылық.
– Инклюзивті жоба баршаға арналған. Өйткені инклюзия – бәрімізге ортақ. Бүгін біз оның мәнін өз көзімізбен көріп, осындай ортаның адамға қандай мүмкіндік беретінін сезінеміз, – дейді музейдің экскурсия жетекшісі Зухра Темірова.
Шара ресейлік «Белая трость» ұйымы таныстырған «Рух желкені – 2026» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның негізгі идеясы – «экстрабилити», яғни адамның бойындағы ерекше қабілеттер мен ішкі ресурстарды ашу, оларды дамытуға мүмкіндік беру. Бұл тәсіл мүгедектігі бар адамдардың әлеуетін танытып қана қоймай, қоғамның әр мүшесін өз мүмкіндігін бағалауға және өзгелердің ерекшелігін құрметтеуге үндейді.
Жобаға қатысушылардың 70 пайызы – шартты түрде дені сау адамдар, ал 30 пайызы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Мұндай құрамның өзі бастаманың басты ұстанымын айқындайды: инклюзивті орта құру үшін адамдарды бір-бірінен бөлмей, ортақ іске жұмылдыру қажет. Кездесу барысында қонақтарға экспедиция материалдары көрсетіліп, қатысушылардың желкенді қайықпен жасаған сапары туралы бейнежазбалар ұсынылды.
№1 арнайы мектеп-интернатының тәрбиешісі Екатерина Абишеваның айтуынша, жобаның маңызды міндеттерінің бірі – қоғамдағы таптаурын түсініктерді бұзу. Адамды алдымен оның диагнозына немесе физикалық ерекшелігіне қарап емес, жеке тұлға ретінде қабылдау мәдениетін қалыптастыру қажет.
– Бұл жоба қоғамда қалыптасқан таптаурындарды бұзуға бағытталған. Оның көмегімен ешқандай шектеуі жоқ адамдар бізді ерекше қажеттілігі бар жан ретінде ғана емес, ең алдымен жеке тұлға ретінде қабылдауды үйренеді. Әр адамның өз қабілеті, қызығушылығы мен мүмкіндігі бар екенін түсіну маңызды, – дейді №1 арнайы мектеп-интернатының тәрбиешісі Екатерина Абишева.
Кездесу аясында қатысушылар үшін «Екі әлем арасындағы саяхат», «Интуитивті сурет салу» және «Ым-ишарамен ән айту» атты үш шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Әрқайсысы адамдардың бір-бірін өзгеше қырынан тануына, сезім мен ойды түрлі тәсілдер арқылы жеткізуіне мүмкіндік берді.
Шараға Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері де белсенді қатысты. Олар ерікті ретінде қатысушыларға көмектесіп, ортақ тапсырмаларды орындауға атсалысты. Арнайы жаттығулар барысында кейбір еріктілерге көзді жабатын бетперде мен бағыттаушы таяқ беріліп, кеңістікті сипап-сезу арқылы бағдарлау тәжірибесінен өту ұсынылды. Ал командалық ойын кезінде қатысушылар арқан бойымен бір-бірінің қимылын сезініп, ортақ ырғақта әрекет етуге дағдыланды.
Мұндай тәжірибелер өзгелердің күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарын тереңірек түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар өзара сенім, жауапкершілік пен бірлескен әрекеттің маңызын ұғындырады.
– Экстрабилити дегеніміз – белгілі бір жағдайлар мен оқиғалар барысында байқалатын адамның жасырын қабілеттері мен ішкі ресурстары. Әсіресе адамдардың бір командада ұйымшылдық танытып, бірлесе әрекет етіп, ортақ нәтижеге қол жеткізуі қуантады. Осындай кездесулер әр адамның бойында ашылмаған мүмкіндік бар екенін көрсетеді, – дейді Екатерина Абишева.
Музей кеңістігінде ұйымдастырылған көрме де шараның мазмұнын байыта түсті. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар авторлардың отызға жуық шығармашылық жұмысы ұсынылды. Туындылардың басым бөлігінде табиғат көріністері бейнеленген. Әр жұмыс өзіндік техникасымен, қолданылған материалдарының ерекшелігімен назар аудартады.
Көрмеден дәстүрлі гуашь пен акрил бояуларымен салынған картиналармен қатар, ермексаздан, матадан және папье-машеден жасалған туындыларды да көруге болады. Кейбір жұмыстарда крагис пен трафарет техникасы қолданылған. Ал суреттермен қатар қойылған өлеңдер жинағы авторлардың ішкі әлемін, сезімі мен шығармашылық көзқарасын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Көрмеге келген студенттер үшін бұл жай ғана өнер туындыларын тамашалау емес, адамның қабілетін бағалауға деген көзқарасты өзгертетін ерекше тәжірибе болды.
– Бүгін мен өнердің тек көзбен көру арқылы қабылданбайтынын түсіндім. Көзі көрмейтін жандардың жасаған туындыларын көріп, олардың қиялы мен шығармашылық мүмкіндіктеріне тәнті болдым. Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. Осындай кездесулер адамның көзқарасын кеңейтіп, өзгелерді тереңірек түсінуге үйретеді, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің педагогика факультетінің студенті Қалдыгүл Рымтаева.
Жалпы, «ИнклюзивLab-тағы ЭкстраАРТ» жобасы музейді тек өнер туындылары қойылатын мәдени орын ғана емес, адамдар бас қосып, тәжірибе алмасатын, бір-бірін түсінуге үйренетін ашық кеңістікке айналдырды. Мұндай бастамалардың әлеуметтік маңызы зор. Өйткені инклюзивті қоғам қалыптастыру тек қолжетімді ғимараттар мен арнайы жағдай жасаумен шектелмейді. Ең алдымен, адамдар арасындағы түсіністік, құрмет және тең мүмкіндік мәдениетін дамыту қажет.
Әсіресе балалар мен жастардың осындай жобаларға қатысуы маңызды. Олар өзге адамның ерекшелігін қабылдауды, қолдау көрсетуді, ортақ мақсатқа бірігуді үйренеді. Ал ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін мұндай кездесулер шығармашылық қабілетін танытып, қоғам өміріне белсенді араласуға жол ашады.
Өнердің тіліне аудармашы да, шекара да қажет емес. Ол адамның жүрегіне жол тауып, әртүрлі тағдыр мен мүмкіндікті бір арнаға тоғыстырады. Қарағандыдағы бұл кездесу де бір қарапайым ақиқатты аңғартты: қоғамда әр адамға орын бар, ал шынайы инклюзия – сол мүмкіндікті баршаға бірдей ұсынудан басталады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

