«Айналайын» – асыл сөздің айнасы
15 қазанда Халықаралық «Ақ таяқ» күніне орай Қарағанды қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатында «Айналайын» кітабының тұсаукесері өтті. Брайль жүйесімен басылған жинақ көру қабілеті бұзылған балаларға әдеби шығармаларды қолжетімді етуге бағытталған. Шара Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың ұйымдастыруымен өткізілді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кітап оқуға, білім алуға және мәдени өмірге араласуына мүмкіндік жасау – инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «Айналайын» жинағының Брайль қарпімен жарық көруі балалардың көркем әдебиетке қолжетімділігін арттырып, рухани дамуына қолдау көрсетеді.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Бикенов пен ақын, «Білте» қоғамдық қорының президенті Мақпал Мыса жинақтың лентасын қиды.
Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары А. Шакенова мен бөлім басшысы Ш.Жұмабаева, білім саласының өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің жетекшілері, мектеп-интернат оқушылары, арнайы кітапхана оқырмандары және басқа да қонақтар қатысты.
Қонақтар қатарында «Қамқор плюс» қоғамдық бірлестігінің бірінші басшысы Н. Сундиталиев, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының басшысы Э. Орынбаева, «Ken’jol қоғамының инновациялық даму Альянсы» үкіметтік емес ұйымы төрағасының орынбасары Д. Ержанова, №1 арнайы мектеп-интернатының директоры А. Тлегенова, «Жалын мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Егеубаев және Қарағанды облыстық Қазақ зағиптар қоғамының өкілдері болды.
Мерекелік бағдарламаның көркемдік бөлімінде мектеп-интернат оқушылары Н. Рзағали мен З.Малышева кітаптан үзінділер оқыды. Н.Қайыржан мен Н.Рзағали «Нұрлы арман» әнін орындады. Сондай-ақ «Шалқыма» ансамблі «Әуен» шығармасын, ал «Арай» триосы «Ұлы дала» әнін ұсынып, жиынның мазмұнын өнермен толықтырды.
Жинаққа Қарағанды өңірінің 15 авторының әңгімелері мен өлеңдері енген. Шығармаларда туған өлкенің табиғаты, тарихы, адамдары мен ұлттық құндылықтары көрініс тапқан. Кітап балалардың дүниетанымын кеңейтіп, ана тіліндегі көркем шығармаларды оқуға қызығушылығын арттыруды, туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды көздейді.
Брайль қарпімен басылған кітаптың басты ерекшелігі – көру қабілеті бұзылған балаларға шығармаларды өз бетінше оқуға мүмкіндік беруі. Бұл олардың тіл байлығын дамытуға, қиялын ұштауға және әдебиет әлеміне еркін араласуына жол ашады.
«Айналайын» жинағының жарық көруі – кітаптың барша балаға қолжетімді болуына бағытталған маңызды қадам. Осындай бастамалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың рухани дамуына ықпал етіп, олардың білім мен мәдениетке тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Ғалым НҰРЛАНОВ,
Қарағанды облыстық зағип
және нашар көретін азаматтарға арналған
арнайы кітапханасының басшысы

