Қарағандылық параспортшылар Азия додасын үш медальмен бастады

Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарының алғашқы күнінде Қарағанды облысының спортшылары үш медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген өңірдің параспортшылары екі күміс және бір қола жүлдеге қол жеткізді.

Биылғы додада Қарағанды облысының он спортшысы паражүзу, паражеңіл атлетика және арбадағы теннис жарыстарына қатысып жатыр.

Паражүзуден S10 санатында 100 метрге еркін жүзу сайысында Диас Кенжебек мәреге екінші болып жетіп, күміс медаль иеленді. Спортшыны Светлана Кучина жаттықтырады. Айта кетейік, Диас 2023 жылы Ханчжоуда өткен Пара Азия ойындарында алтын жүлдеге қол жеткізген.

Тағы бір күміс медаль Қазақстан құрамасының 4×50 метрлік аралас кешенді эстафетадағы нәтижесі бойынша қоржынға түсті. Команда сапында Әли Тұрғанбеков, Зүлфия Ғабидуллина, Сиязбек Далиевпен бірге Қарағанды облысының өкілі Наталья Звягинцева да өнер көрсетті. Оның жеке бапкері – Наталья Манохина. Наталья 2023 жылғы Пара Азия ойындарында қола медаль жеңіп алған болатын.

Ал S11 санатында 100 метрге арқамен жүзуден Роман Потапов қола жүлдеге ие болды. Спортшы бұған дейін де 2023 жылғы Пара Азия ойындарында қола медаль еншілеген. Биыл Қазақстан чемпионы атағын бесінші рет иеленді. Роман Евгения Приходьконың жетекшілігімен жаттығады.

Қарағандылық параспортшыларды әлі алты күндік жарыс күтіп тұр. Алдағы сайыстарда да өңір спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына жаңа жүлделер қосады деген сенім мол.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»