Қарағандыда бизнес пен IT өкілдеріне арналған неконференция өтеді
30 қазанда Қарағанды қаласындағы «Террикон алқабы» IT-хабында бизнес, IT және Digital саласының мамандарын біріктіретін неконференция ұйымдастырылады. Шараға кәсіпкерлер, IT мамандары және цифрлық технологияларға қызығушылық танытатын азаматтар қатыса алады.
Кездесудің мақсаты – кәсіби тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және салалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беру. Бағдарламада екі бағыт бойынша қатар өтетін сессиялар, сарапшылардың баяндамалары, нақты тәжірибеге негізделген кейстер мен еркін пікір алмасу қарастырылған.
Неконференция барысында қатысушылар бизнес жүргізу, кадр іріктеу, креативті индустрия, бағдарламалық жасақтама әзірлеу және жасанды интеллектінің IT саласына ықпалы туралы ақпарат алады.
Шара спикерлерінің қатарында The TajMagazine медиасының негізін қалаушы Альбина Мұқтар бар. Ол агенттіктен медиаға дейінгі даму жолы, креатив пен стратегияның редакция жұмысына әсері туралы баяндайды. WOOPPAY компаниясының HR-менеджері Карина Шарақбаева үміткер туралы алғашқы 15 секундта шешім қабылдау ерекшеліктерін түсіндіреді.
Ал Creativity Studio компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас продюсері Ақжан Оқсықбаева ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған бес кеңесімен бөліседі. Taza GO компаниясының тең құрылтайшысы әрі техникалық директоры Арсен Бақтығалиев ChatGPT мүмкіндіктері мен бағдарламашының қазіргі IT саласындағы рөбіне тоқталады.
Сондай-ақ Plata компаниясының iOS әзірлеушісі Арман Мырзақанұров оқыту мен менторлықтың маманның кәсіби дамуына ықпалы туралы сөз қозғайды. Ал аға Golang әзірлеушісі Бекет Берікұлы Junior деңгейінен кейінгі кәсіби тәжірибесімен бөліседі.
Бағдарлама аясында қатысушыларға спикерлермен тікелей тілдесіп, пайдалы таныстық орнатуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріледі. Кофе-брейк те еркін форматтағы кәсіби қарым-қатынастың бір бөлігі болмақ.
Неконференция 30 қазанда сағат 18:30-да Алалыкин көшесі, 12 мекенжайындағы «Террикон алқабы» IT-хабында өтеді. Қатысу офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылады. Шараға қатысу – тегін.
Тіркелу үшін terricon.kz сайтына өту қажет. Неконференция Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен өткізіледі.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

