Қарағанды облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны артып келеді
Қарағанды облысында соңғы екі аптада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 12 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Ауырғандардың жартысынан көбі – 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандар әзірге тұмаудың зертханалық жолмен расталған бірде-бір жағдайын анықтаған жоқ.
Өңірде вирустық инфекциялардың алдын алу мақсатында тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 25 мыңнан астам тұрғын екпе алған. Биыл облысқа жергілікті бюджет есебінен 173 мың доза вакцина жеткізілген. Тұмауға қарсы тегін екпе ең алдымен ауру жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға салынады. Олардың қатарында медициналық көрсетілімдер бойынша вакцинацияланатын тәуекел топтары бар. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда науқастарды алғашқы тексеру күшейтілді. Медицина қызметкерлеріне бетперде тағу міндеттелген. Мектеп оқушыларының денсаулығы да тұрақты бақылауда. Егер бір сыныптағы оқушылардың 30 пайызы немесе одан көбі ауырып қалса, оқу процесі қашықтан оқыту форматына ауыстырылады. Мамандар тұрғындарды жеке гигиена талаптарын сақтауға, адам көп жиналатын орындарда сақ болуға және ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге жүгінуге шақырады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

