Қазақстанда жол саласын реформалау қолға алынды

Мемлекет басшысының сынынан кейін Қазақстанда автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Тиісті өкімге Премьер-министр қол қойды.

Жұмыс тобы жол құрылысы мен сапаны бағалау жүйесін қайта қарастырып, қолданыстағы стандарттар мен құрылыс нормаларын жаңарту бойынша ұсыныстар әзірлейді. Реформаның негізгі мақсаты – жол инфрақұрылымының сапасын жақсартып, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету.

Топ құрамына Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Ішкі істер, Экология және Энергетика министрліктерінің өкілдері, Бас көлік прокурорының орынбасары, бейінді мемлекеттік компаниялардың басшылары, сала сарапшылары мен Құрылтай депутаттары кірді. Жұмысқа Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік етеді.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновке 1 желтоқсанға дейін жол саласын терең реформалау жөніндегі ұсыныстарды, соның ішінде қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеу тапсырылды.

Еске салайық, қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі автомобиль жолдарының жағдайына қатысты сын айтқан болатын. Кейін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында да жол саласындағы ахуалдың көңіл көншітпейтінін атап өтті.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»