Әскери қызметшілерге арналған жылжымалы асхана

Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде әскери қызметшілерді дала жағдайында ыстық тамақпен қамтамасыз етуге арналған жылжымалы асхана жабдықталды. Iveco шағын автобусының негізінде жасалған жоба әсіресе күзгі-қысқы кезеңде, тұрақты асхана жоқ шалғай аумақтарда қызмет атқаратын сарбаздарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қазақстанның қытымыр қысы мен құбылмалы ауа райында ашық аспан астында қызмет атқару оңай емес. Мұндай жағдайда әскери қызметшілерді уақытылы әрі ыстық тамақпен қамтамасыз ету маңызды. Осы мәселені шешу үшін әскери бөлім мамандары арнайы жылжымалы асхана жобасын әзірледі. Көлік салоны бір мезетте алты адамға қызмет көрсетуге есептелген. Оның іші қажетті тұрмыстық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда азық-түлік сақтайтын шкаф, микротолқынды пеш, электр шәйнек және үстел бар. Санитарлық талаптарды сақтау үшін таза су мен пайдаланылған суға арналған екі арнайы ыдыс орнатылған. Жабдықтардың барлығы инвертор арқылы электр қуатымен жұмыс істейді. Сонымен қатар құрылғылар көліктің бастапқы құрылымын бұзбай, арнайы бекіткіштермен орнатылған. Қажет болған жағдайда асхананы бөлшектеп, шағын автобусты бастапқы қалпына келтіруге болады.

– Бұл асхана дала жағдайында жүрген әскери қызметшілерге ыстық тамақ ішуге мүмкіндік береді. Әсіресе қыс мезгілінде және тұрақты асхана жоқ аумақтарда өте қолайлы, – дейді 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Шыңғыс Танатпаев.

Қазіргі уақытта мамандар жаңа жобаның тиімділігі мен қолайлылығын сынақтан өткізіп жатыр. Егер пилоттық жоба өз нәтижесін көрсетсе, осындай жылжымалы асханаларды Ұлттық ұланның басқа да әскери бөлімдерінде енгізу жоспарлануда. Жаңа бастама әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсартып, далалық және қызметтік міндеттерді орындау кезінде ыстық тамақпен қамту мүмкіндігін кеңейтеді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»