Ғылымға ғұмырын арнаған ғалымға құрмет көрсетілді

Қарағандыда ғалым, профессор, тәжірибелі басшы Жаналы Сұлтанұлының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Шарада мерейтой иесінің еңбек жолы мен ғылым-білім саласына қосқан үлесі сөз болып, әріптестері мен достары ғалымға ізгі тілектерін жеткізді. Көп жылғы еңбегі бағаланып, оған құрмет көрсетілді.

Жаналы Сұлтанұлының еңбек жолы 1979 жылы «Қарағандыкөмір» бірлестігіне қарасты «Стахановская» шахтасында жерасты кеншісі болып басталған. Өндіріс саласында еңбек ете жүріп, білімін жетілдіруге ұмтылған ол кейін физика мамандығын меңгеріп, ғылыми-зерттеу және оқытушылық қызметке бет бұрды. Осылайша, оның кәсіби жолы өндіріс пен ғылымды ұштастырған мазмұнды кезеңдерге толы болды.

Әр жылдары өндіріс және телекоммуникация салаларында басшылық қызметтер атқарған ғалым мол тәжірибе жинақтады. Ғылыми ізденістерін де қатар алып жүріп, зерттеу нәтижелерін жариялап, бірқатар өнертабыстарға авторлық етті. Бүгінде оның ғылыми қоржынында 100-ден астам жарияланым, 15 патент пен авторлық құқық куәлігі бар.

2018 жылдан бері Жаналы Сұлтанұлы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің радиофизика және электроника кафедрасында профессор қызметін атқарып келеді. Ол студенттерге дәріс оқып қана қоймай, жас мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына, ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға да үлес қосып жүр. Ғалымның еңбек жолындағы басты бағыттардың бірі – жинақтаған тәжірибесі мен білімін кейінгі буынға жеткізу.

Радиофизика және электроника кафедрасының меңгерушісі Айнұр Түсіпбекова мерейтой иесінің кәсіби біліктілігі мен ұстаздық еңбегіне тоқталып, оның жас мамандарға қолдау көрсетуге ерекше мән беретінін атап өтті.

– Жаналы Сұлтанұлы – мол тәжірибесі мен білімі бар, ғылым мен білім саласына елеулі үлес қосып жүрген азамат. Ол өз тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуге ерекше мән береді, – деді Айнұр Түсіпбекова.

Салтанатты жиын барысында ғалымның әріптестері мен достары мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар Жаналы Сұлтанұлына облыс әкімінің алғыс хаты берілді. Қазақы дәстүрге сай иығына шапан жабылып, ғалымға деген құрметтің белгісі ретінде ақжарма тілектер айтылды.

Химия ғылымдарының докторы, профессор Жаналы Бектұрғанов та мерейтой иесінің өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде бағалады. Оның айтуынша, ғылымға адалдық пен үздіксіз ізденіс – кәсіби жетістіктің маңызды негізі.

– Жаналы Сұлтанұлының еңбек жолы – табандылық пен ізденістің үлгісі. Ғылым мен білімге арнаған жылдарындағы еңбегі кейінгі буын үшін өнеге, – деді Жаналы Бектұрғанов.

Жетпіс жасқа толған профессор бүгінде де белсенді еңбек етіп, студенттерге білім беруді және жас мамандарға бағыт-бағдар көрсетуді жалғастырып келеді. Оның өмір жолы өндірістен басталып, ғылым мен ұстаздыққа ұласқан еңбекқорлықтың, кәсіби ізденістің айқын көрінісі. Мерейтойға арналған салтанатты жиын ғалымның көп жылғы еңбегін бағалап, ғылым мен білімге сіңірген қызметіне құрмет білдірген тағылымды шараға айналды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»