«Balazhan»: балаларға көрсетілетін көмек жаңа деңгейге көтеріледі
Қазақстанда балаларды қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған «Balazhan» цифрлық платформасы енгізілуде. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба балалардың қажеттіліктерін ерте анықтап, оларға тиісті көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа жүйе мамандардың өзара жұмысын үйлестіріп, балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыруды көздейді.
Цифрлық платформаның басты ерекшелігі – балалар туралы мәліметтерді бір жүйеге біріктіру. Бұған дейін әртүрлі құжаттар мен ақпараттық жүйелерде сақталған деректер енді бір ортада жинақталады. Ақпаратты қайта-қайта енгізу қажеттілігі азайып, мамандар оны қажет болған жағдайда жаңартып отыра алады. Бұл өз кезегінде қағазбастылықты қысқартып, педагогтер мен басқа да жауапты мамандардың жұмысын жеңілдетеді.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, жаңа жүйе балаларға қажетті көмекті ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.
– Платформа мамандардың жұмысын оңтайландырып, балалар туралы мәліметтерді бір жүйеге біріктіреді. Бұл көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтап, қажетті қолдауды уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Юлия Овечкина.
Жобаның Қарағанды облысы үшін де маңызы зор. Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар шамамен 17 мың бала тұрады. Олардың әрқайсысының жеке қажеттілігін ескеріп, білім алуына, дамуына және қоғамға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Мұндай жағдайда мамандар арасындағы үйлесімді жұмыс пен қажетті ақпараттың қолжетімді болуы ерекше мәнге ие.
Қазіргі уақытта Қарағанды, Шахтинск және Саран қалаларында үш жасқа дейінгі балаларға арналған үш мамандандырылған кабинет ашылған. Бұл кабинеттер ерте жастағы балалардың қажеттіліктерін анықтап, оларға тиісті қолдау көрсетуге бағытталған. «Balazhan» платформасы осындай жұмыстарды үйлестіруге, балалардың жағдайын бақылауға және қажетті көмекті ұйымдастыруға ықпал етпек.
Баланың дамуындағы ерекшеліктерді ерте кезеңде анықтау оның болашақтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі. Сондықтан ата-аналар, педагогтер және тиісті сала мамандары арасындағы байланыс жүйелі болуы қажет. Ақпараттың бір платформада жинақталуы баланың қажеттілігі туралы мәліметтерді уақтылы алмасуға және қолдау шараларын тиімді жоспарлауға жағдай жасайды.
Сонымен қатар жаңа жүйеде балалардың жеке деректерін қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Ақпарат қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қорғалуы тиіс. Бұл – цифрлық технологияларды енгізу барысында сақталуы қажет негізгі талаптардың бірі. Өйткені балаларға қатысты мәліметтермен жұмыс істеуде қауіпсіздік пен құпиялылықты қамтамасыз ету аса маңызды.
«Balazhan» платформасын енгізу – балаларды қолдау жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа цифрлық шешім мамандардың жұмысын оңтайландырып қана қоймай, көмекке мұқтаж балаларды дер кезінде анықтауға және қажетті қызметтерді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, әр баланың жеке ерекшелігі мен қажеттілігі ескеріліп, оның жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалуы тиіс.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

