Шахматтан үздіктер анықталды

Қарағандыда шахматтан Қазақстан Республикасының XX командалық чемпионаты өтті. Елдің әр өңірінен жиналған мықты шахматшылар рапид және блиц форматтарында бақ сынады.

Жарысқа облыстардың құрама командаларымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының өкілдері қатысты. Негізгі мақсат – командалық есепте үздік атанып, Қазақстанның ең мықты құрамасын анықтау.

Чемпионат аясында барлығы алты турнир ұйымдастырылды. Бағдарламада ерлер мен әйелдер арасындағы рапид және блиц бойынша командалық жарыстармен бірге осы екі форматтағы жеке сайыстар да өтті.

Қарағандыда бұл бәсекенің өтуі кездейсоқ емес. Шахматтан командалық чемпионат қалада жиырмасыншы рет ұйымдастырылды.

– Біз Қазақстан Республикасының командалық чемпионатын осымен жиырмасыншы рет өткізіп отырмыз. Қарағанды үшін бұл – үлкен шахмат мерекесі. Чемпионаттың қайтадан біздің қалада өтуі жарысты ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін және Қарағандының шахматшылар арасында лайықты беделге ие болғанын көрсетеді, – дейді Қарағанды облыстық шахмат федерациясы филиалының төрағасы Николай Симонян.

Биылғы додаға ел көлемінде танылған тәжірибелі спортшылармен бірге жас шахматшылар да қатысты. Олардың арасында Самарқандта өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен ойыншылар болды.

Қарағанды облысының атынан жарысқа Даниял Сапенов қатысты. Жас спортшы үшін биылғы маусым нәтижелі болды. Ол 18 жасқа дейінгі ұлдар арасында Қазақстан чемпионатында блицтен күміс, рапидтен қола медаль жеңіп алған. Сонымен қатар AktobeOpen турнирінде екінші орынға ие болып, Қазақстан құрамасымен шахмат олимпиадасына қатысты.

Жас шахматшы командалық чемпионатта туған өңірінің намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсетуге тырысты.

– Қазақстанның командалық чемпионаты дәстүр бойынша елдегі ең мықты ойыншылардың басын қосады. Сондықтан әр қарсыласпен ойнаудың өзі қызықты болды. Қазір негізгі мақсатым – жаттығу жасап, еңбектену және алдағы турнирлерге тыңғылықты дайындалу. Сонымен қатар Германияға барып, Бундеслигада ойнағым келеді, – дейді Даниял Сапенов.

Командалар төрт спортшыдан құралды. Оның құрамында үш ер ойыншы және бір әйел шахматшы болды.

Жарыстың рапид форматында әр партияға 10 минуттан берілді. Бұған қоса әр жүріске 5 секунд қосылды. Ал блицте ойыншы партияны 3 минут ішінде аяқтауы керек болды, әр жүріске тағы 2 секунд қосылды.

Павлодардың халықаралық шебері Константин Казаков үшін Қарағандыдағы чемпионаттың орны ерекше. Ол бұл жарысқа биыл 17-рет қатысты.

– Бұл, бәлкім, жыл ішіндегі ең сүйікті шахмат турнирім шығар. Мұнда ойын өте жылдам, тартысты әрі шиеленісті өтеді. Әр қазан айын асыға күтіп, Қарағандыға келемін, – дейді Константин Казаков.

Шахматшының айтуынша, оның командасы былтыр жеңіске жақын болған. Алайда құрамдағы ойыншылардың бірінің толық бабында болмауы қорытынды нәтижеге әсер еткен. Биыл команда құрамына өзгерістер енгізіліп, жас әрі шабуылдаушы ойын мәнерімен ерекшеленетін шахматшы қосылды.

– Биыл құрамымызды жаңартып, жасы жас әрі ойын мәнері агрессивті шахматшы қызды қостық. Жеңіске жетуге ниетті болдық, – дейді ол.

Чемпионат қорытындысы бойынша әр дисциплинадан үздік үштікке енген командалар медаль, диплом және ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Жарыстың маңызы жүлдемен ғана шектелмейді. Мұндағы көрсеткіштер халықаралық додаларда Қазақстан атынан өнер көрсететін ұлттық құраманы қалыптастыру кезінде ескерілуі мүмкін. Сонымен қатар чемпионат нәтижелері ФИДЕ шахматтық атақтарына қойылатын нормативтерді орындау үшін де есепке алынады.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»