Қарағанды мен Корея: жаңа жобаларға жол ашылмақ
Қарағанды облысына Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжон Ки Хон ресми сапармен келді. Сапар барысында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесіп, екіжақты экономикалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту бағыттарын талқылады.
Кездесуде Қарағанды облысының инвестициялық әлеуеті мен кореялық компаниялармен бірлескен жобаларды көбейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы жоғары технологияларға негізделген өндірістерді дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Қазіргі таңда Saran индустриялық аймағында Samsung брендімен тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорын жұмыс істейді. Ендігі кезеңде өндіріс бағытын кеңейтіп, Samsung Medison компаниясымен әріптестік орнату жоспарланып отыр. Атап айтқанда, ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын шығаратын жаңа өндіріс құру көзделген.
– Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қолдаудың барлығын көрсетуге дайынбыз. Инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешу маңызды. Бұл бастама өңірдегі өнеркәсіптік кооперацияны күшейтіп, жоғары технологиялық өндірістерді тартуға мүмкіндік береді. Кореямен экономикалық және мәдени-гуманитарлық серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделіміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінде Қарағанды облысында кореялық компаниялармен әріптестіктің қалыптасқан тәжірибесі бар. Оңтүстік Кореялық серіктестердің қатысуымен өнеркәсіп, құрылыс, сауда және өзге де бағыттарда бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпорындар өңірдегі қызмет көлемін арттырып, жаңа бағыттарды игеруге ұмтылып келеді.
Өз кезегінде Чжон Ки Хон Қарағандыға сапары барысында Saran индустриялық аймағында болып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның қызметімен және жоспарланған өндірістің мүмкіндіктерімен танысқанын айтты.
– Қазақстандағы дипломатиялық қызметімді бастағаннан кейін Қарағанды облысына алғаш рет ресми сапармен келіп отырмын. Екі тарап арасындағы өзара іс-қимылдың мүмкіндігі мол. Алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді елші.
Сапар аясында корей мәдениетіне де ерекше көңіл бөлінді. Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында корей мәдениеті фестивалі өтті, шараға елші де қатысты. Мәдени шара Қазақстандағы корейлердің елге қоныс аударғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Жанайым ЖАЛҒАС
«QH»

