Өңірде көмірді терең өңдеуге басымдық берілуде
Қарағанды облысында көмірді тек отын ретінде емес, өнеркәсіпке қажетті шикізат ретінде терең өңдеуге бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Энергетика министрлігінің мәліметінше, өңірде көмір-химиялық кластер қалыптасып келеді.
Солардың бірі – Абай ауданының Дубовка кентінде салынып жатқан металлургиялық кокс өндіретін зауыт. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 1 млн тоннаға жетеді. Жобаға тартылатын жеке инвестиция көлемі 63 млрд теңгеден асады. Зауытты 2029 жылы іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын 500-ге дейін тұрақты жұмыс орнын ашпақ. Бұған қоса, шахта құрылысы кезінде тағы шамамен 500 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Өңірде көмірден дизель отынын өндіру жобасы да қарастырылуда. Оның өндірістік қуаты жылына 100 мың тонна болмақ. Жобаны жүзеге асыру үшін жер қойнауын пайдалануға лицензия берілген.
Көмір химиясын одан әрі дамыту мақсатында «Qarmet» компаниясының базасындағы кокс-химиялық кластер жобасы да тиісті Жол картасына енгізілді. Жоба аясында жылына 200 мың тоннаға дейін шайыр өңдеп, 35 мың тоннаға дейін бензол өндіру және кокс газын тазарту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Теміртау қаласында көмір мен металлургиялық шикізатты терең өңдеуге бағытталған «Теміртау» индустриялық аймағын құру жоспарлануда.
Жаңа жобалардың іске асуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өндірісті әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

