Қарағандыға қосымша электр қуаты беріледі

Қарағанды қаласының электрмен жабдықтау мүмкіндігі кеңейе түсті. Бұқар жырау ауданындағы 500 кВ «Нұра» қосалқы станциясында екінші автотрансформатор іске қосылды. Жаңа жабдық Қарағанды энергия торабының тұрақтылығын арттырып, қала мен өңірдегі электр тұтынушыларын қосымша қуатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Нұра» қосалқы станциясы «KEGOC» АҚ-ның «Орталық ЖЭЖ» филиалының құрамына кіреді. Нысан 1979 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның негізгі міндеттерінің бірі – Екібастұздан Қазақстанның оңтүстік бағыттарына, соның ішінде Қарағанды қаласы мен облысына электр энергиясын жеткізу.

Бүгінде станция Қарағанды энергия торабы мен ұлттық энергетикалық жүйе арасындағы электр энергиясы алмасуының маңызды буыны болып отыр. Қаладағы электр тұтыну көлемі артқан сайын энергетикалық инфрақұрылымға түсетін жүктеме де көбейеді. Екінші автотрансформатордың іске қосылуы осы жүктемені тұрақтандыруға бағытталған.

– «Нұра» қосалқы станциясының Қарағанды энергия торабын сенімді электрмен жабдықтауда маңызы зор. Ең жоғары жүктеме кезеңінде станцияға түсетін салмақ айтарлықтай болды. Сондықтан екінші автотрансформаторды орнату туралы шешім қабылданды, – деді «KEGOC» АҚ «Орталық ЖЭЖ» филиалының директоры Алмас Саухимов.

Жаңа қуат ең алдымен қосымша тұтынушыларды электр желісіне қосуға мүмкіндік береді. Бұл Қарағанды қаласының өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларын дамыту үшін маңызды. Электр қуатының резерві жаңа кәсіпорындардың жұмысын қамтамасыз етуге және қолданыстағы өндірістердің қуатын арттыруға жағдай жасайды.

Сонымен қатар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы жобалар үшін де энергетикалық мүмкіндік кеңейеді. Өндіріс көлемі ұлғайған жағдайда кәсіпорындарды қажетті электр қуатымен қамтамасыз етуге қосымша жағдай қалыптасады.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев жобаның Қарағандының экономикалық дамуы үшін маңызын атап өтті.

– Қуаттың артуы жаңа тұтынушыларды электр желісіне қосуға, қолданыстағы шектеулерді жоюға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әсіресе Қарағанды қаласы мен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында өнеркәсіптік нысандардың дамуы үшін бұл маңызды энергетикалық негіз болады, – деді Шыңғыс Сүйінбаев.

Жобаны жүзеге асыру кезінде қазақстандық қамту үлесі 67 пайызды құрады. Автотрансформатордың өзі Қазақстанда өндірілген. Өндіруші кәсіпорын қазіргі уақытта жабдықтың сериялық өндірісін іске қосқан.

Энергетикалық қуаттың артуы жаңартылатын энергия жобаларын дамытуға да жол ашады. Өңірде қуаты 500 МВт болатын жел электр станциясын салу жоспарланып отыр. Жаңа автотрансформатор осындай нысандарды алдағы уақытта энергетикалық жүйеге қосуға қажетті мүмкіндіктердің бірін қалыптастырады.

Жалпы, «Нұра» қосалқы станциясының қуатын арттыру Қарағанды қаласының электрмен жабдықтау сенімділігін күшейтіп, жаңа өндірістер мен инвестициялық жобаларды іске асыруға энергетикалық негіз қалыптастырады.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»