Спорт – баршаға ортақ мүмкіндік

Қарағандыда жастардың спорт арқылы өзара араласуына және инклюзивті ортаны қалыптастыруға бағытталған бочча турнирі өтті. Жарысқа 12 команда қатысып, олардың құрамында жас спортшылармен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері де бақ сынады.

Инклюзивті турнирді Қазақстан Бочча федерациясының Қарағанды облысындағы өкілдігі мен қалалық тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа қатысушылар 15 жасқа дейінгі және 15 жастан асқан екі санат бойынша сынға түсті.

Турнирдің негізгі мақсаты – бочча спортын кеңінен насихаттаумен қатар, ерекше қажеттіліктері бар жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау. Мұндай спорттық шаралар жастардың өзара тәжірибе алмасып, жаңа орта қалыптастыруына және әлеуметтік байланыстарын нығайтуына ықпал етеді.

Бочча – Паралимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрі. Ойын барысында қатысушылар өз доптарын нысана ретінде қолданылатын ақ допқа барынша жақын орналастыруға тырысады. Жеңіске жету үшін спортшыдан дәлдікпен қатар, алаңдағы жағдайды бағалау, тактикалық шешім қабылдау және қарсыласының әрекетін ескеру талап етіледі.

Жарысқа қатысушылар турнирге дейін екі апта бойы дайындалып, тұрақты жаттығу жұмыстарын жүргізген. Жаттықтырушы Александр Раковтың айтуынша, бочча спортшыдан ұқыптылық пен төзімділікті талап етеді.

– Бұл спорт түрінде әрбір лақтырудың өзіндік маңызы бар. Допты нысанаға дәл жеткізу үшін спортшы алаңдағы жағдайды дұрыс бағалап, келесі қадамын алдын ала ойлауы қажет. Турнир алдында балалар екі апта бойы дайындалды, – деді жаттықтырушы Александр Раков.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, жүлдегерлер медальдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Қалған қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

Қазақстан Бочча федерациясының Қарағанды облысы бойынша президентінің орынбасары Гауһар Акижанова мұндай шаралардың әлеуметтік маңызына тоқталды.

– Бочча арқылы біз жастарды спортқа қызықтырып қана қоймай, олардың бір-бірімен еркін араласуына мүмкіндік береміз. Мұндай жарыстар әртүрлі мүмкіндігі бар адамдардың бірге ойнап, тәжірибе алмасуына жағдай жасайды. Бұл – инклюзияны дамытудың маңызды бағыттарының бірі, – деді Гауһар Акижанова.

Инклюзивті спорттық шаралар жастардың белсенділігін арттырып, олардың ортаға бейімделуіне, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне және қоғамның әр мүшесіне бірдей мүмкіндік қағидатын нығайтуға ықпал етеді. Осы бағыттағы жұмыстар әлеуметтік қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде жалғаса бермек.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да боччаға қызығушылықты арттырып, жастардың қатысуымен осындай инклюзивті спорттық жобаларды өткізуді жоспарлап отыр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»