Коммуналдық қызметтер қысқа қамдануда

Қарағандыда коммуналдық қызметтер қыс мезгіліне дайындық жұмыстарын күшейтті. Қала көшелерінде қар мен көктайғақ кезінде пайдаланылатын құм-тұз қоспасының қоры қалыптастырылып жатыр.

Бүгінде екі ауданда қажетті материалдың шамамен 35 мың тоннасы дайын. Ауа райы тұрақты суығанға дейін бұл көрсеткішті 55 мың тоннаға жеткізу көзделген.

Қоспаны әзірлеудің бірнеше кезеңі бар. Алдымен құм арнайы електен өткізіліп, оның құрамындағы ірі тас пен бөгде заттар алынып тасталады. Одан кейін құмға тұз араластырылып, дайын материал арнайы орындарға жинақталады.

Қысқы кезеңде қоспа жолдың барлық бөлігіне бірдей себілмейді. Ең алдымен көлік қозғалысына қауіп төндіретін учаскелерге басымдық беріледі. Атап айтқанда, жолайрықтары, көтерілістер мен түсулер, тік бұрылыстар, қиылыстар, жаяу жүргіншілер өткелдері және аялдамалар өңделеді.

Осылайша коммуналдық қызметтер қысқы ауа райы басталғанға дейін көктайғаққа қарсы материалдың қажетті көлемін толық дайындауды жоспарлап отыр.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»