Кәсіпке бастар жолдың ұстаздары

2 қазан – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері күні. Бұл кәсіби мереке Қазақстандағы атаулы күндер тізіміне 2025 жылы енгізілді. Жаңа мерекенің мәні – колледж педагогтерінің еңбегін дәріптеу, жұмысшы мамандықтардың маңызын көрсету және кәсіби білім беру жүйесінің беделін арттыру.

Техникалық және кәсіптік білім берудің басты ерекшелігі – студенттің теорияны тәжірибемен ұштастыруында. Колледж қабырғасында білім алған жастар өндірістік тәжірибеден өтіп, таңдаған мамандығына қажетті практикалық дағдыларды меңгереді. Бұл олардың еңбек нарығына бейімделіп, кәсіби ортаға тез араласуына мүмкіндік береді.

– Колледжде студенттер теориялық біліммен қатар, өндірісте тікелей практикалық тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігін арттырады. Олардың бойында нақты дағдылар мен құзыреттер қалыптасады. Бұл – еңбек нарығына дайын мамандарды даярлаудың тиімді жолдарының бірі, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі өңірдің өндірістік әлеуеті мен еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауға бағытталған. Облыс колледждерінде тау-кен өндірісі, құрылыс, көлік, энергетика, технология және қызмет көрсету салалары бойынша қажетті мамандықтарды меңгеруге болады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында Қарағанды облысының колледждерінде 12 мыңнан астам студент білім алуда. Соңғы жылдары жастардың кәсіптік білім алуына жасалып отырған қолдау да күшейді. Студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты. Жол жүру шығындарын өтеу төлемі жылына екі рет беріледі. Жұмысшы біліктіліктері бойынша білім алатын және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жекелеген санаттағы студенттерге бір реттік ыстық тамақ қарастырылған.

Сонымен қатар жатақханамен қамту деңгейі 95 пайыздан асқан. Мұның барлығы жастардың мамандық игеруіне, білім алуымен қатар кәсіби тәжірибе жинақтауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

– Бүгінде колледжде білім алып, мамандық игергісі келетін әрбір жасқа мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалған, – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Кез келген білікті маманның қалыптасуында ұстаздың еңбегі ерекше. Колледждерде студенттерге теориялық білім беретін педагогтермен қатар, өндірістік оқыту шеберлері де маңызды міндет атқарады. Олар жастарға таңдаған кәсібінің қыр-сырын үйретіп, алған білімін тәжірибеде қолдануға жол көрсетеді.

Өндірістік оқыту шебері – болашақ маман мен нақты өндіріс арасындағы байланысты қалыптастыратын маман. Оның жұмысы студенттің кәсіби дағдысын жетілдіруге, еңбек тәртібіне бейімделуіне және жұмыс орнындағы талаптарды түсінуіне тікелей ықпал етеді.

Биыл еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 38 мыңнан астам педагог пен 5 мыңнан астам өндірістік оқыту шебері еңбек етуде. Олардың қатарында Қарағанды облысының колледждерінде қызмет етіп жүрген тәжірибелі ұстаздар да бар.

Өңірде колледждердің жұмыс берушілермен байланысын күшейтуге және дуальды оқытуды дамытуға басымдық беріліп келеді. Бұл жүйе студенттерге оқу барысында өндірістік ортаға бейімделіп, болашақ мамандығына қажетті тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Теориялық білімін кәсіпорында тәжірибемен ұштастырған жас маман еңбек нарығына келгенде жұмыс үдерісіне тезірек бейімделеді.

Қарағанды облысының педагогтері мен студенттері республикалық кәсіби байқауларда жүлделі орындардан көрініп, кәсіби шеберліктерін тұрақты түрде дәлелдеп келеді. Бұл – өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласында қалыптасқан тәжірибе мен ізденістің нәтижесі.

Бүгінде колледждер тек маман даярлайтын оқу орны емес. Мұнда жасөспірімдер мен жастар нақты кәсіпті меңгеріп, еңбекке бейімделеді, өз болашағына бағыт алады. Ал осы үдерістің сапалы жүзеге асуында педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлерінің еңбегі айрықша.

Сондықтан 2 қазан – күнтізбедегі кезекті атаулы күн ғана емес, ел экономикасына қажетті білікті кадрларды даярлап жүрген ұстаздардың еңбегіне құрмет көрсететін маңызды мереке. Ұстаз шәкіртіне білім беріп қана қоймай, оның кәсіби жолын қалыптастырады. Ал білікті маман – өндірістің, еңбек нарығының және тұтас экономиканың тұрақты дамуының маңызды тірегі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»