Қарағандылық спортшы халықаралық турнирде қола медаль иеленді
Қарағанды облысының спортшысы Альбина Жақсылықова үстел теннисінен Грузияның Тбилиси қаласында өткен WTT Youth Contender Tbilisi 2026 халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан Республикасының спорт шебері Альбина Жақсылықова жарыста 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы U19 жекелей сында өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Спортшының жаттықтырушысы – Эльмира Әлиева.
Альбина Жақсылықованың спорттық қоржынында ел көлеміндегі бірқатар маңызды жетістік бар. Ол жекелей, аралас және командалық разрядтарда Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарында командалық есепте жеңіске жеткен.
Қарағандылық спортшы халықаралық додаларда да тәжірибе жинақтап келеді. Бұған дейін ол Ташкент, Бангкок, Плайя-де-Аро, Алматы және басқа қалаларда ұйымдастырылған WTT жарыстарына қатысқан.
Биыл қыркүйек айында Альбина Жақсылықова Қазақстан құрамасының Азия ойындарына қатысатын спортшылар сапына енді. Осы жарыстан кейін халықаралық маусымын Тбилисиде жалғастырып, WTT Youth Contender Tbilisi 2026 турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Тбилисидегі қола медаль спортшының халықаралық аренадағы нәтижелерін толықтырып, Қарағанды облысының үстел теннисіндегі жетістіктерінің қатарын арттырды.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

