Жол сапасын енді жасанды интеллект бақылайды
Қазақстанда автомобиль жолдарының жағдайын бақылау жұмыстары біртіндеп цифрлық форматқа көшіп келеді. Заманауи технологиялар жолдың сапасын бағалап қана қоймай, құрылыс пен жөндеу жұмыстарының орындалуын, сондай-ақ бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беруде.
Осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі – E-Joldar бірыңғай цифрлық платформасы. Жүйе жол саласына қатысты мәліметтерді бір жерге жинақтап, нысандардың жағдайын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда платформаға 12 салалық ақпараттық база біріктірілген.
Жүйе жол нысанының бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Яғни бақылау жобалау кезеңінен басталып, құрылыс, жөндеу жұмыстары және нысанды пайдалануға беру кезеңдеріне дейін жалғасады. Бұл жол сапасын бақылауды жүйелеп қана қоймай, атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде E-Joldar жүйесі арқылы республикалық маңызы бар 40 мыңнан астам шақырым жол цифрландырылған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін цифрлық платформа еліміздегі жалпы ұзындығы 185 мың шақырым болатын жол желісін қамтуы тиіс.
– Ең басты артықшылығы – жолдың нақты жағдайын жедел әрі объективті бағалауға мүмкіндік береді. E-Joldar платформасы арқылы жол жұмыстарының барлық кезеңін бақылауға болады. Бұл жобалаудан бастап нысанды пайдалануға бергенге дейінгі процестің ашықтығын қамтамасыз етеді, – дейді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы РМК бас директоры Серік Имашев.
Жолдың нақты техникалық жағдайын бағалауда мобильді зертханалардың да маңызы артып келеді. Арнайы жабдықталған көліктер жол бойымен жүріп отырып, жол жамылғысының негізгі параметрлерін автоматты түрде зерттейді.
Мәселен, жүйеге орнатылған камералар жол белгілері мен жол таңбаларының жағдайын тіркейді. Ультрадыбыстық датчиктер жолдың тегістігін өлшесе, лазерлік технологиялар адам көзіне бірден байқала бермейтін ақауларды анықтауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтер жол жамылғысының тозу деңгейін бағалап, қай учаскелерге бірінші кезекте жөндеу жүргізу қажеттігін анықтауға көмектеседі.
Мұндай технологиялардың басты артықшылығы – жол жағдайын көзбен шолып бағалаумен шектелмей, нақты цифрлық көрсеткіштер арқылы бақылауға мүмкіндік беруінде. Қазір елімізде осындай 80 автоматтандырылған кешен жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын 220-ға дейін жеткізу жоспарланған.
– Арнайы көлік жол жамылғысын сканерлеп, оның техникалық параметрлерін анықтайды. Камералар жол белгілері мен таңбалардың жағдайын тіркейді, ультрадыбыстық датчиктер жолдың тегістігін өлшейді. Ал лазерлік жүйе көзге көрінбейтін ақауларды анықтауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект жиналған үлкен көлемдегі деректерді жылдам өңдеп, жолдың техникалық жағдайына баға беруге жағдай жасайды, – дейді Серік Имашев.
Цифрлық бақылаудың тағы бір маңызды артықшылығы – ақауды ерте анықтап, оның күрделенуіне жол бермеу. Жиналған мәліметтер жолдың тозу динамикасын бақылауға, жөндеу жұмыстарын алдын ала жоспарлауға және қаражатты қажетті учаскелерге тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
Яғни жол саласында «ақау пайда болғаннан кейін жөндеу» тәсілінен біртіндеп алдын ала болжау және профилактикалық шараларға көшуге мүмкіндік туып отыр. Бұл жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға, жөндеу шығындарын оңтайландыруға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға ықпал етпек.
Алдағы кезеңде цифрлық бақылау жүйесінің қамту ауқымын кеңейту көзделіп отыр. Жыл соңына дейін E-Joldar платформасы арқылы еліміздегі 185 мың шақырым жолды цифрлық бақылаумен қамту жоспарланған. Бұл жол инфрақұрылымының жағдайын тұрақты бақылап, анықталған мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

